Құқық қорғау органдары

Сиыр ұрлаған топ ұсталды

 

 

Тәртіп сақшылары түнгі сағат 3 кезінде Астана-Заводская көшелерінің қиылысынан өтіп бара жатқан “Фиат” маркілі автокөлігін тоқтатады. Машина ішіндегі жолаушылардың киген киімдері мен жөнсіз жауаптары жол полицейлерінің күдігін туғызады.

Қайрат Қасымов, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:

-Көлік жүргізушісінен құжаттарын сұрап едік, үйде ұмытып кеттім деді. Машинада одан басқа тағы 3 жолаушы отырды. “Көлікте не әкетіп бара жатырсыңдар?” деп сұрадым. Олар жауап берген жоқ.

Полицейлер фургонды ашқанда байлаулы сиырды көрген. Артынан анықталғандай, жануарды жас жігіттер ұрлап әкетіп бара жатқан екен. Төртеуі түнгі сағат 12 кезінде Қызылжар ауданындағы Малое Белое селосы тұрғынының қорасынан сиырды айдап алып шығыпты. Сөйтіп, ұрылардың сиырды қасапшыға өткізіп, оңай олжа табамыз деген ойлары орындалмады. Ұсталғандардың төртеуі де Петропавл қаласының тұрғындары. Олардың біреуі бұрындары жылқы ұрлағаны үшін басы істі болған екен. Жігіттер қылмыстарын мойындады. Ал  ірі қара иесі Василий Гордий болса сиырының жоғалғанын полицейлерден  естіпті.

Василий Гордий, сиыр иесі:

– Маған таңертең телефон соғып, сиырымды ұрлап әкеткенін айтты. Жануар пішен қорада тұрған, есігін жауып қойғанмын. Өзі – жалғыз асыраушымыз. Жұмыс жоқ. Соның сүтін сатып күн көріп отырғанбыз. Жауыздарды мұндай істері үшін соттау керек.  

Қазір ұсталғандардың барлығы Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінде отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Данаш Хамзина