Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Ішкі істер министрі келді



 

 

Қалмұханбет Қасымов алдымен ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының жұмысымен танысты. ЖОО 1997 жылдан бері 2 мыңнан артық офицер даярлапты. Бүгінде 876 курсант 6 әскери мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Облыс әкімі мен ІІ министрі 7 кафедраның оқу сыныптарын аралады. Жыл сайын әскери білім ошағының оқулықтар қоры 8 млн теңгеге жаңартылып тұрады екен. Материалдық- техникалық базаны нығайту үшін 36 оқыту корпусына тағы 5-н қосу жоспарланып отыр. 102 пәтерлік тұрғын үй салынбақ. Жаңа спорттық кешендер тұрғызу көзделуде. Сметалық жоба әзірленіп қойыпты. Құны 8 млрд теңгегенің жоспары министрге ұсынылды. Кейін мейман әскери институттың оқу-жаттығу полигонында болашақ офицерлердің әскери техника мен қару-жараққа іс жүзінде машықтануын байқап көрді. Жауынгерлік қызметке жарақтанған тәжірибелік алаңында бір мезетте бір полк дайындала алады екен. Ал   6637 әскери бөлімінің полигонында ІІ министрі мен өңір жетекшісі “Арлан” және “Сұңқар” арнайы жедел әрекет ету топтарының бірлескен жаттығуы барысын бақылады. Жоспар бойынша қалашықты басып алған ланкестердің көзін құртып, бейбіт адамдардың қанын төкпей құтқару керек болды. Әскерилердің алдына қойылған міндет әп-сәтте орындалды. 6637 әскери бөлімінде де сардарлар күн сайын әскери қолданбалы өнерді меңгереді. Отан қорғаушылардың дайындық деңгейін ІІМ басшысы тексерді. Өңір әскерилері мейманмен облыстағы қорғаныс күштерінің жетістіктері жайында ой бөлісті. Өткен айда ғана қала тұрғындарының сақтығын күзететін әскери бөлім жасақтары 36 қылмысты тіркеген. Оның жартысынан астамының ізі суымай ашылыпты. Облыс орталығындағы тәртіпті қадағалауға сарбаздарды тартудың арқасында көшеде жасалатын қылмыстар 68 пайыздан 21 пайызға дейін кеміген.
Бұдан соң Қалмұханбет Қасымовқа СҚО ІІД салт атты жасағының жұмысы көрсетілді. Взводтың қарамағында 17 жылқы бар. Ал кинологиялық орталықта меймандардың назарына арнайы үйретілген иттер ұсынылды. Бәрі кинологтың бұйрығын бұлжытпай орындайды. Мұндағы 14 қызметтік төбеттің біршамасы есірткі мен жарылғыш заттарды еш қиындықсыз анықтайды. Араларында оқ жаудырған қылмыскерге қарсы шабатын батыл төрт тазы да бар. Жыл басынан осы 4 аяқты сақшылардың көмегімен 70-тен артық қылмыстың беті ашылған.

Жеңіс Ермұқанов