Қоғам

“Қамқор” акциясы


 

Александра Бахмацкая еңбек жолын бастауыш сынып оқушыларына білім нәрін сусындатудан бастаған. Бұл іске   өмірінің 10 жылын арнапты. Кейін ет комбинатына жұмысқа орналасып, шамамен 20 жылдай аға қамбашы қызметін атқарған. Еңбек ардагерінің жалғыз өмір сүріп жатқанына биыл 10 жылдың жүзі болған екен. Зейнеткерге үйдің маңын жиып, көмектесуге жыл сайын Петропавл теміржол колледжінің студенттері келеді екен.

 Жанар Әділбаева, Петропавл теміржол колледжінің оқытушысы:
-Біз әрдайым осы кісіге қоңырау шаламыз. Не істеу керектігін сұраймыз. Бізді шақырып, тындыратын шаруаны белгілеп қояды. Былтыр келгендіктен, биыл негізінен қандай көмек қажет екенін білеміз.  

Селолық жерде туып өскен Евгений Михейкинге отын дайындап, жер қазу таныс жұмыс. Студент бұл істің қаншалықты ауыр екенін түсінеді. Сондықтан ол мұндай шаралардан тыс қалмауға тырысады екен.

Евгений Михейкин, Петропавл теміржол колледжінің студенті:
-Ардагерге екінші жыл қатарынан көмекке келіп отырмыз. Жер қазып, қысқа отын әзірлеп береміз. Жас болғандықтан, біз үшін бұл қиын емес. Қарияларға қол ұшын созған игі іс деп санаймын.
 

Алдағы жылыту маусымына қажетті отын дайындалып, көкөністер жиналды. Бақшада келесі жылғы жұмыстар үшін де жер қазылды. Еңбек ардагеріне жәрдемдесуге асыққан жастар бар жұмысты аз уақытта тындырды. 80-нің сеңгіріне шыққан қария кейінгі толқын өкілдерінің мұндай қамқорлығына дән риза.

Александра Бахмацкая, еңбек ардагері:
-Жуырда көршімді шақырып, үйге көмір тасып беруін сұрадым. Бұл үшін 2000 теңге төлеуге тура келді. Ал мына балалар маған екінші рет келіп көмектесіп жатыр. Оларға деген алғысым шексіз. Өйткені жалғыз жүріп, бұл істі аяқтай алмас едім. Өздері хабарласып, қандай көмек керек екендігін үнемі сұрап жатады.

Айдана Демесінова