Қоғам

Петропавлда қариялар күніне әзірлік жүріп жатыр

 

 

 

Федор Щеглов 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. 2-ші топтағы мүгедек майданда  оң көзі мен қолынан жарақат алған. Десе де қария 86 жасында түрлі шаралардан шет қалмайды.

Федор Щеглов, ҰОС қатысушы:
– Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолдауға көңілім толады. Әрдайым әлеуметтік қызметкерлер келіп тұрады. Балаларым жанымда болмағандықтан, бұл мен үшін зор көмек.

Қазіргі таңда облыс орталығында 36 700-ден астам зейнеткер бар. ҰОС қатысушылар, еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлері де осы тізімге енген. Сонымен қатар 10 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандарды да назарсыз қалдырмаймыз дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь. Әсіресе, дәрі-дәрмек, киім-кешектей нақты көмек көрсетуге көңіл бөлініп отыр.

Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Мұндай көмекті осыған дейін 1000-ға жуық адамға көрсеттік. Бұл үшін 9 млн теңгедей қаражат жұмсалды. Оған ие болатындардың тізімін арнайы комиссия жасайды. Сондай-ақ сенбіліктерден жиналған қаржы да қарттарға көмек көрсетуге бағытталады.

Жалпы қалалық сенбіліктен 5 млн 523 мың теңге қаражат жиналыпты. Бірақ жоспар бұдан 2 есе артық болатын. Бар гәп – қайырымдылық шарасы барысында кәсіпкерлер мен сауда орталықтарының белсенділік танытпауында. Сенбілікке 143 мекеме қатысқан. Дені – мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Дегенмен ардагерлер алдағы уақытта ірі компаниялардың қайырымдылық жасауға деген ынталарының оянарына сенімді.

Инеш Шоқақова