Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда аквапарк ашылды

Солтүстікқазақстандықтар үш жыл бойы тағатсыздана күткен еліміздегі баламасы жоқ спорттық-сауытыру кешені есігін айқара ашты. Жаңадан бой түзеген бірегей жанұялық аквопарктің жұмысымен облыс әкімі Серік Біләлов танысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

 

-Аквапарк бір мезетте 1000 адамды қабылдауға шақталған. Бұл өңірімізде бұрын-соңды болмаған нысан. Аудан әкімдеріне айтарым оқуда үздік, спортта дарынды, мүгедек және аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды осында әкелуге болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жақсылап бейімделіпті. Су кешенінің қызығын барлығы көруі керек.

Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ірі жобаны кәсіпкер Сергей Леонтьев қолға алған. Мұндағы 9 мың шаршы метрге жуық аумақтағы құрылыс озық үлгідегі технологияларды қолдану арқылы халықаралық талаптарға сай жүргізілген.

Сергей Леонтьев, “Леонтьев” ЖШС бас директоры:
– Аквапарктің құрылысына озық үлгідегі материалдар пайдаланылды. Суыққа төзімді, отқа жанбайды. Әсіресе жылу үнемдеуге көп көңіл бөлдік. Автоматты қазандық қала көшелерінен жиналған қалдықтармен жағылады. Іштегі жылу сырттан келген суық ауамен араласып өздігінен қалыпты температураны ұстап тұрады. Энергия, су үнемдеудің де жолдарын қарастырып қойдық.  

Жоба құны 1 млрд. 800 млн теңге. Спорттық снарядтардың өзі жарты млрд теңгеге алынған.

Петр Солохин,  «Сбербанк» АҚ ЕК директоры:
– Біздің «Жинақ банкі» жобаға әу бастан атсалысып келеді. Мемлекеттің қолдауымен оның құрылысына 600 млн теңгенің несиесін рәсімдедік. Жылдық үстемеақы 14 пайыз. Оның тең жартысын үкімет өз мойнына алды.  

Басты мақсат – халықты салауатты өмір салтына тарту. Бұған қажетті озық үлгідегі қондырғылар Канададан арнайы жеткізілді. Спорт залындағы жабдықтардың сапасын облыстық дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасының бастығы Руслан Есеналин сынап көрді. Түрлі жастағы шомылушыларға арналған бассейндерді жоғары бойлай 4 бірдей жанұялық сырғанақ тұрғызылды. Әрбірінің диаметрі 3 метрді құрайтын спиральді сырғанақтардың ұзындығы 165, ал биіктігі 25 метрге дейін жетеді. Бүгін олардың қызығын оқуда үздік, спортта талай белестерді бағындырған 250 оқушы көрді.Нысанды іске қосу жаңа 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Келушілердің қауіпсіздігін 12 құтқарушы қадағалайды.

Кирилл Дутко, құтқарушы:
– Біз арнайы дайындықтан өттік. Әрдайым жаттығу үстіндеміз. Біздің жұмысымызда бейнекамералар жақсы көмекші. Көмекке келуге немесе кеңес беруге қашан да әзірміз. Ата-аналарға кішкентайларына алаңдайтындай себептері жоқ деп сеніммен айта аламын.  

“Нептунның” қонақтары сондай-ақ түрлі фитнес, аэробика орталықтары мен 5 бірдей сауна, монша, дәмхананың қызығын көре алады. Қазан айында үздік мектеп оқушыларына тегін демалу мүмкіндігі жасалады. Ал бойы 1 метр 20 сантиметрден аспайтын бүлдіршіндерге бұл қызметтер әрдайым ақысыз болмақ.

Жеңіс Ермұқанов