Құқық қорғау органдары

«Участок» шарасы

«Участок» жедел алдын алу шарасы қыркүйектің бірінен бастау алды. Оның басты мақсаты көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білу. Өзіне қарасты әкімшілік аумақтарда учаскелік полиция инспекторлары тексеріс шараларын жүргізіп келеді.Сонымен қатар полиция қызметкерлері қару иелерінің есіктерін қағуда. «Участок» операциясы басталғалы осындай 8 мыңға жуық тұрғын тексерілді. Қаруды сақтау және тасымалдау ережесін бұзған азаматтардан 82 қару тәркіленген.«Участок» алдын алу шарасы барысында тіркеуде тұрған 5200-ден артық тұлға мен бұрын сотталған 2005 адам мекен-жайлары бойынша тексерілді.

Облыста тіркеуде тұрған 4000-ға жуық шетелдіктің тұрақтаған мекенжайларына барған кезде көші-қон заңнамасын бұзудың 191 фактісі анықталды. Жалға берілетін 1400 пәтер тексерілген. Нәтижесінде салық органдарында тіркемей жалға беру қызметін көрсетудің 35 фактісі белгілі болды. Осы уақыт аралығында тағы 342 адам ішкі істер органдарына тіркеуге алынған. Республикалық «Участок» жедел алдын алу шарасы қазанның біріне дейін жалғасады.

 

Гүлмира Шоқтыбаева