Қоғам

Зияткерлік меншік құқығын қорғауға арналған семинар


 

Бүгінде зияткерлік меншік құқығын қорғау бойынша әділет және құқық қорғау органдарының қызметінде бірқатар өзекті мәселелер пайда болуда. Оларды талқылап, ортақ шешімге келу – семинардың басты мақсаты. Әр өңірдегі құқық қорғау органдарының бір-бірімен бөлісер тәжірибесі баршылық. Зияткерлік құқықты қорғау жөнінде ішкі істер органдары және қаржы полициясының қызметкерлері жүргізген бірлескен тексерістер оң нәтиже беруде.

Талғат Сырымбетов, Жамбыл облысы Әділет департаменті Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бас маманы:
-Солардың нәтижесінде біраз әкімшілік істер қозғалып, жергілікті сот органдарымен қаралды. Айыппұл ретінде және тауарды тәркілеу жөнінде
шешім қабылданды. Қырғызстан Республикасымен шекаралас болғаннан соң, кеден органдарымен де Қордай бекетінде бірлескен тексерістер жүргіздік.

Мұндай іс-шаралар контрафактілік тауар саудасының жолын кесудің бірден-бір жолы. Сондай-ақ семинар барысында зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі істерді сотта қарау ерекшеліктері кеңінен талқыланды. Заңдарға енгізілген өзгерістер мен оларды қолдану мәселесі де назардан тыс қалмады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әлемдік тәжірибеден де бейхабар емес.

Абзал Естаев, ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы:
– Өзге елдерде ұйымдастырылатын семинарларға да қызметкерлеріміз қатысып тұрады. Бұл өте қажет деген ойдамын. Өйткені шешілмеген мәселелер әлі де баршылық.

Аталмыш семинар 2 күнге созылмақ. Нәтижесінде зияткерлік меншік құқығын тиісінше қорғау бағытындағы жұмыстарды белсендірек жүргізу бойынша шешім қабылданбақ.

Инеш Шоқақова