Спорт

Теміржолшылар арасында өткен халықаралық веложарыстан жерлестеріміз жүлделі оралды

 

 

Теміржолшылар арасында өткен жарыста барлығы 14 команда сынға түскен. Жеңіспен оралған спортшыларды қарсы алуға туған-туыстары мен достары жиналды.

– Әр жарыс сайын баламды тағатсыздана асыға күтемін. Оның әрбір жеңісі біз үшін қуаныш.
– Қожатаев Бахтиярдың мамасымын.
Мінекей, бүгін өте үлкен жетістіктерімен балаларымыз келіп жатыр. Жаттықтырушыларына көп рахмет.

Топтық жарыста суырылып алға шыққан жерлесіміз Тілеген Майдос 11 жылдан бері велоспортқа ден қойып келеді. Бұл жарыс оның ең ірі жеңістерінің бірі.

Тілеген Майдос, балалар мен жасөспірімдер велоспорт мектебінің тәрбиеленушісі:
– Жылдың басынан бастап осы жарысқа дайындалдық.
Жақсы нәтиже көрсетсем деген үмітім болған. Сол арманыма жеткеніме қуаныштымын.

Жарысқа барлығы облысымыздан 4 спортшы барған. Жеңіске жеткен жерлестеріміз топтық сайыста 90 шақырымды артқа тастапты.

 Сергей Кручина, велоспорттан облыстың аға жаттықтырушысы:
– Бұл жарысқа балалар бірінші рет қатысып отыр.
Олар топтық және жекелей сынға түсті. Өкінішке қарай, командалық жарысқа қатыса алмай қалдық. Топтық жарыста біздің балалар алдыңғы үш бірдей орынға ие болды. Ауа райы қолайсыз болды, жауын жауып, жарыс жолын бағындыру қиынға соқты. Әрі қарсыластары да осал болмады. Дегенмен біздің балалар жақсы нәтиже көрсетті.

Топтық жарыста екінші орынды да жерлес спортшымыз иеленген. Күміс алқа тағынған Жандос Бижігітовтың айтуына қарағанда, қарсыластар өте мықты болған. Әсіресе Франциядан келген спортшыларды басып озу қиынға соғыпты.

 Жандос Бижігітов, балалар мен жасөспірімдер велоспорт мектебінің тәрбиеленушісі:
– Әрине осындай жетістікке жетеміз деп күткен жоқпыз.
Біздің үйренген жолдарымызға қарағанда жарыс жолы өте қиын болды. Біз бұл жарыста үлкен тәжірибе алдық.

Ал үшінші орын Бахтияр Кенжетаевқа бұйырған.Осылайша, солтүстікқазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрініп қайтты. Жарыстан жаңа оралған жерлестеріміз енді Ресей чемпионатына аттанады.

Әспет Әбдірешова