Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келді

 

Аумағы 344 гектарды құрайтын егін алқабындағы астықтың өнімділігі 47 центнерден айналуда. Яғни қуаңшылыққа қарамастан, диқандардың алып жатқан өнімі жаман емес. Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын дәстүрге сай орақ науқаны кезінде өңірімізге ат басын бұрып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің атқарған ісіне куә болады. Бұл жолы да Елбасы астықтың сапасына көз жеткізді. Алтын дәннің өнімділігінің жоғары болуы – қажетті тыңайтқыштар мен заманауи технологияларды қолданудың арқасында дейді диқандар. Мемлекет тарапынан да барынша қолдау көрсетілуде. Көктемгі егіс жұмыстары мен орақ науқанына аталған шаруашылыққа 2 млн 360 мың теңге субсидия бөлініпті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астықтың өнімділігі жоғары. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығына барынша қолдау көрсетілмек.

Сондай-ақ диқандар соңғы жылдары заманауи кешендер алуға да ерекше көңіл бөлініп келетінін айтады. ехниканың сапасы мен жай-күйі – жұмыс өнімділігін арттыруға септесері анық. Нұрсұлтан Назарбаев өңірде жерді өңдеумен қатар мал шаруашылығын дамытуға да басымдық беру керектігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кедендік Одақ құрылды. Енді ірі қараның экспорттық потенциалын арттыруға да зор мүмкіндік туып отыр.

Диқандар Елбасының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға көрсететін қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, өздерінің осы салада жеткен жетістіктерімен бөлісті. Олардың ойлары мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана білгендер мол жетістікке жетеді дегенге сайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Баспананың қолжетімді болуы, жолдардың жағдайы, шаруашылықтарға қолдау көрсету басты назарда.

Биыл өңірде 5 млн тонна астық жинау көзделіп отыр. Орақ науқаны жақын күндері тәмам болмақ. Қазіргі таңда жергілікті агроқұрылымдар астықты алқаптардың әр гектарынан орташа алғанда 12,4 центнерден өнім жинауда.

Мәди Ыбыраев, «СК-Вагулинское» ЖШС атқарушы директоры:
Егін ору науқаны аяқталуға жақын. Шаруашылық бойынша 28 центнерден. Соңғы 340 га қалды. Мемлекеттің қолдауы жақсы. Тыңайтқыштарға да, техникаға да, бәріне субсидия алдық.

Диқандармен кездесу соңында Елбасы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Инеш Шоқақова