Ауыл шаруашылығы

Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда орақ науқаны аяқталып келеді



 

«Червонное-Агро» ЖШС-де себілген дәнді дақылдар көлемі – 17 мың гектар. Жаздағы қуаңшылықты алдын-ала болжаған диқандар ылғал сақтау технологиялары мен тыңайтқыштарды пайдаланып, тұқым себуді қысқа мерзімде аяқтаған-ды. Осының арқасында күзде жинап жатқан өнім жаман емес дейді серіктестік директоры Сергей Киричёк.

Сергей Киричёк, «Червонное-Агро» ЖШС директоры:
-Бүгін гектарынан 9,5-тен 10 центнерге дейін өнім алып отырмыз. Бұл жұмысты аяқтауға шамамен 2-3 күндей қалды. Алтын дәнді еш шығынсыз жинаймыз деген ойдамын.
Өйткені бізде 12 комбайн, 6 “Джон Дир” комбайны, 14 “Камаз” бен 6 “Балзер” бар.

Өнімді қабылдап, оны өңдейтін қырман басында да жұмыс оң жолға қойылған. Биыл мұнда тек жоғары сұрыпты тұқым егіліпті. Күннің ыстығына байланысты биыл дәннің кілегейлігі жоғары.
Ал «Возвышенка СК» ЖШС биыл 12 мың га жерге дәнді дақылдар еккен. Өнімділік шамамен 10 центнерді құрады. Мұнда астық алқабының 25 пайызы ғана орылмаған. Егін жинайтын техника паркінің жақсы жабдықталуы бұл істі уақытылы аяқтауға септесуде.

Әбдірақым Нұқаев,  «Возвышенка СК» ЖШС директоры:
-Үстіміздегі жылы 205 миллион теңгеге қажетті техника алынды. 10 «Джон Дир” комбайнын өз қаражатымызға сатып алдық. Жұмысқа шетелдік техникамен кірістік.

Егінді жинап қана қоймай, оны сақтау да маңызды. «Әліби-Ишим» ЖШС-де сыйымдылығы 20 мың тонна болатын жеке шағын элеватор бар.

Анатолий Самойлов, «Әліби-Ишим»ЖШС бас агрономы:
-2840 тонна тұқым дайын. Енді оны алдын ала сараптау жұмыстарына әзірлейміз. Жиналған дәндер сұрыпталады. Егіс науқанына тұқым дайындау үшін оны тазалаймыз.  

«Әліби-Ишим» ЖШС егін алқабының көлемі 20 мың га. Бүгінге дейін оның 16500 га орылды. Бұл – өнімнің 80 пайызы. Орташа шығымдылық – 10 центнерден айналуда. Ауа райы қолайлы болса, 5-6 күн ішінде орақ науқанын аяқтауды көздеп отыр. Барлығы Ғабит Мүсірепов ауданында 622 мың га алқапқа дән сіңірілсе, осы күні оның 80 пайызы орылды.

Айдана Демесінова