Ауа райы

Журналистер семинарда бас қосты


 

Дөңгелек үстел басына жиналған БАҚ өкілдері мемлекеттің гүлденуіне баршамыз үлес қосуымыз керек деген ойда. Сондықтан, Ел Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты жолдауын алдымен өздері талқылап, кейін оны қалың жұртшылық арасында насихаттамақшы.

 Руслан Әлішев, СҚО ішкі саясат басқармасының бастығы:

– Бүгінгі жиында күрделі мәселелерді шешуге тырысамыз. Бәріңіз білетіндей, Елбасы Қазақстан халқына “Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласын жолдады. Бүгінде облыстың әр тұрғыны құжатпен танысып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндіктерді пайдалануы керек. Және өздері ел дамуына үлестерін қосуы тиіс. Жолдау аясында арнайы бағдарламалар әзірленді. Ол жайында облыстық БАҚ өкілдері күнделікті хабар таратып жүр.

Айта кету керек бұндай семинар Республикамыздың түкпір-түкпірінде алғаш рет өтуде. Шара екі күнге жалғасады деп жоспарланған. Өңірде ұйымдастырылған жиынға аудандық және қалалық газеттер мен телеарналар тілшілері, ЖОО оқытушылары, жастар қоғамдық бірлестіктері атсалысуда.

Евгений Пеньков, «Поиск молодых и здоровых” жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Аталмыш саяси лагерь журналистерге арналып отыр. Мақсатымыз – жас тілшілерге бағыт-бағдар беру. Елбасының мақаласы – салмақты құжат. Оны алдымен БАҚ өкілдері жақсы түсініп, кейін оқырманға насихаттауы тиіс. Бастысы – мемлекет басшысының еңбекке қатысты ойлары халыққа ұғыныңқы, қарапайым тілмен жеткізілгені абзал.

Жиында бас қосқандар Елбасының мақаласын телеарналарда, газет беттерінде орналастырып, тұщымды ақпарат тарату төңірегіндегі ойларымен бөлісті.

Наташа Чорба, “Все будет хорошо” облыстық газетінің тілшісі:
Бүгінгі жиыннан пайдалы мәліметті молынан аламыз деп ойлаймын. Газет арқылы халыққа Елбасының ойын түсінікті етіп, дұрыс жеткізуге мүмкіндік бар. Тілші ретінде, алдағы уақытта осы жағына басымдық беруді көздеп отырмын.

Жиынға қатысушылардың барлығы арнайы сертификатқа ие болды. Семинардың 2-ші күнінде журналистер тренингте бас қоспақ.

Гүлбану Ахметова