“Якорь СК” серіктестігінде орақ науқаны аяқталуға жақын. Агроқұрылым өздеріне тиесілі 3800 Га егіс алқабының 85 пайызын дестеге түсіріпті. Гектар берекелігі 18 центнерден айналуда. Құрғақ жылда мұндай өнім бастыру ылғал сақтаудың тың технологияларын қолданудың арқасы дейді диқандар. Озық үлгідегі отандық жоғары өнімді ауылшаруашылық техникасы да маңызды іске үлкен сеп болыпты.
Владимир Очеретенко, “Якорь СК” ЖШС директоры:
-Біз биыл Қостанайда жиналатын 2 «Есіл» комбайны мен Көкшетау зауыты құрастырған «КАМАЗ» жүк көлігін сатып алдық. Отандық техника сенімді ақтады. Бағасы да тым қымбат емес, қалта көтерерлік. Есесіне шетелдік үлгілерден еш кем түспейді. Көліктің аты көлік, сыр бермей тұрмайды. Шетелден тапсырыс күткенше алысқа шаппай-ақ өзімізде жөндеп алған тиімдірек.
“Вагулинское СК” серіктестігінің диқандары да қарбалас үстінде. Өңір жетекшісі сапарының барысында шаруашылықтың егінжайын аралап, танап басында еңсеріліп жатқан жұмыстармен танысты. Мұндағы ауыл еңбеккерлері рекордты өнім алмақшы. Мына алқаптың өнімділігі гектарынан 29 центнерден айналуда. Ал 144 гектарға сіңірілген келесі аумақтағы бидай тұқымы аса бітік шығыпты. 1 гектардан 40 центнерге дейін орылуда. Бұл ғылым мен тәжірибені ұштастырудың нәтижесінде келген дүние дейді серіктестіктің бас агрономы Надежда Карандейкина
Надежда Карандейкина, “СК Вагулинское” ЖШС бас агрономы:
–Біз барлық технологияларды сақтауға тырысамыз. Ылғал сақтау, тұқымды дәрілеу, астық жауы – зиянкестер мен өсімдік ауруларымен күрес жұмыстарын жоспарға сай жүргіздік.
Ең бастысы көктемгі егісте алқаптарға тек жоғары сұрыпты элиталық тұқым сіңіріледі екен. 4,2 гектарды дәрілеуге мемлекеттің қолдауымен 192 тонна гербицид шашылды. Бүгінде 10 мың тонна бидай қамбаға құйылыған. Ауа райы қолбайлау болмаса, бірер күнде қалған шаруа тындырылмақ. Қызылжар ауданының диқандарына биылғы орақ науқанында 165 мың Га алқапта бидай бастыру керек. Бүгінде бар астықтың 65 пайызы жиналыпты. Орташа шығымдылық 17,1 центнер. Жалпы өңір агроқұрылымдарының қарқыны жаман емес.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Құрғақшылыққа қарамастан агроөнеркәсіп жақсы жұмыс жүргізіп, орташа егін алуға мүмкіндік бар. Астықтың 65 пайызын жинап алдық. 11 центнер гектарынан болып жатыр. Сапасы өте жақсы. Биыл да мемлекет көмектесіп жатыр. Бағасы жақсы болады.
Өңір басшысы биыл 5 млн тонна астық жинау көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ Серік Біләлов мал шаруашылығының әлеуетін арттыру бағдарламасының сәтті жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етті. Шетелден 15 мың бас ірі қара алыныпты. Мал азығы 100 пайыз дайын. Мәселен “СК Вагулинское” серіктестігі қарамағындағы зеңгі баба төлдеріне жетерліктей 370 Га жүгері еккен.
Жеңіс Ермұқанов