ТКШ

Петропавлда “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” салымшылары үшін 90 пәтерлі үй салынады



“Қолжетімді баспана -2020” мемлекеттік бағдарламасы елдегі баспана мәселесін шешуге зор ықпалын тигізбек. Аталған жоба аясында қалада қазір алғашқы нысанның құрылысы қолға алынды. Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысында бұған дейін уақытша қолданыстағы автотұрақ болса, енді бір жылдан кейін бұл жерде 90 пәтерлі үй бой көтермек. Қазір мұнда құрылысты бастауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа үйдің құрылысын келер жылдың соңында аяқтау жоспарланып қойған. “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” бұл үйден пәтер сатып алуға ниетті тұрғындардың өтініштерін қазанның 1-нен бастап қабылдамақ. Банк қызметкерлері бағдарламаның ұтымды тұсы – арзан баға мен пайыздық мөлшерлеменің аздығында деп отыр.

Бәтима Қажырахимова, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Бағдарлама екі бағытта жүзеге асады: біріншісі – барлық санаттағы адамдар үшін және екіншісі – жас отбасыларға арналған. Негізгі талап – банк салымшысы, тұрақты жұмыс орны мен төлей алатындай қауқары болу қажет. Келісім-шарт түрлі тарифтік бағдарлама бойынша жасалады. Кімнің неғұрлым жинаған ақшасы көп, сәйкесінше соның мүмкіндігі мол болады.

Мұндағы пәтердің бір шаршы метрі – 90 мың теңге тұрады, сонда 40 шаршы метрлі бір бөлмелі пәтердің құны шамамен 3 млн теңгеден аспақ.
Сондай-ақ, “Тұрғын үй құрылысы 2011-2014” жобасы аясында өзге екі баспана да салынып бітуге жақын. Соның бірі Интернационал көшесі, 4 г мекенжайындағы 55 пәтерлі үйді жыл соңында қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр.  “Қолжетімді баспана – 2020” жобасы аясында біздің облысқа келер жылға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Данаш Хамзина