Білім

190 ұстаз 3 ай бойы білімдерін жетілдіреді

 

 

 

Айыртау ауданы Казанка орта мектебінің мұғалімі Нұрзия Мәлгаждарованың еңбек өтілі 28 жыл. Жас ұрпақты география пәнінен білім нәрімен сусындатып жүрген тәжірибелі ұстаз 5 жылда бір біліктілігін арттырып тұрады. Бұл жолы да жаңа білім алу үшін оқыту курсына келіп отыр.
Қазіргі уақытта орталықта 190 мұғалім біліктіліктіліктерін арттыруда. Бағдарлама аясында оқытушылардың жан-жақтылығын дамыту көзделген. Ұстаздарға 3 айлық курс барысында өз жұмыстарында тың интерактивті технологияларды, ақпараттық-коммуникативтік оқу әдістерін қолдану үйретіледі. Алғашқы айда 5 топта екі тілде шеберлік сабақтары жүргізіледі. Келесі айда тыңдаушылар жұмыс орындарында қашықтықтан оқытылады. Қалған 30 күнде орталықта қайта қауышып, жаңадан біліп-түйгендерін пысықтайтын болады.  Білім беру жүйесінің жаңа сатыға көтерілуі ұстаздардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Жаңададан қолға алынған бағдарлама Қазақстан мен Кембридж колледжінің әріптестігі аясында озық оқыту жобаларының негізінде құрылған. Оның қыр-сырымен жыл басынан 120 солтүстікқазақстандық ұстаз танысып үлгерді. Жыл соңына дейін тыңдаушылардың қатарын 300-ге жеткізу жоспарланған. Ал келесі жылы біліктілігін жоғарылататындардың саны 700 болмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов