Қылмыс

Жол-көлік апатында қыз бала қаза тапты

 

 

 

Қайғылы оқиға қыркүйектің жетісі кешкі сағат 23-те Мир көшесінің бойында орын алған. Жолды жаяу жүргіншілерге арналған жолақ бойынша кесіп өтпек болған қызды қағып кеткен «Тойота» автокөлігінің иесі жапа шегушіге көмек көрсетпей, қашып кеткен. Жол көлік оқиғасын көзімен көргендердің бірі – Қанат Шекенов.

 Қанат Шекенов, оқиға куәгері:
– Мен жолдың жаяу жүргіншілер өтетін тұсында тұрған болатынмын. Мир және Чкалов көшелерінің қиылысында. Бір отбасы жолдан өтіп бара жатты. Қатты жылдамдықпен келе атқан шетелдік автокөлік бір қызды қағып кетті. Ал қыз бірден бірнеше метрге жолдан ары қарай ұшып кетті.  

Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісін көп ұзамай Пестрое көлінің маңында ұстаған. 22 жасар көкшетаулық жаяу жүргіншілерге арналған жол деген белгіні көрмей қалдым деп ақталуда. Дәл қазіргі уақытта айыпталушы Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының уақытша қамау изоляторына алынған. Аталмыш факті бойынша қозғалған қылмыстық іс шеңберінде барлық қажетті сараптама жұмыстары жүргізілуде. Жол-көлік оқиғасына кінәліні ұстауға көмектескені үшін Қанат Шекеновты марапаттау  мәселесі қарастырылуда.

 Әспет Әбдірешова