ТКШ

“ТКШ жаңғырту” бағдарламасына қатысушыларға сыйлыққа балалар алаңы жабдықталып жатыр

 

 

Сәбит Мұқанов көшесі, 52 мекенжайының ауласы жуық арада жаңа кейіпке енетін болады. Қалың боп өсіп кеткен шөп шабылып, орам қураған ағаштардан тазартылды. Абаттандыру шаралары бұнымен шектелмейді. Ескі хоккей қорабының орнына жаңасы салынады, жаттығу снарядтары орнатылған балалар алаңқайы бой көтереді. Бұл игі шаруа тегін жасалады. Тұрғындардың қалтасынан бір тиын да шықпайды. Былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында үйдің шатыры жөнделген. Баспана иелері оның құнын бір жылдың ішінде өтеп шықты. Сондықтан қалалық әкімдік белсенді тұрғындарға осылай көмек жасауды ұйғарыпты.

 Татьяна Бухарева, “Кировец” жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
– Шатырымыз әр жерден тесіліп жатты. Өз күшімізбен жамаудан шаршап бағдарламаның көмегіне жүгіндік. Мүмкіндікті пайдаланудың арқасында 5-ші қабаттың төбесінен бұрынғыдай су ағып мазаламайды. Несие 7 жылға берілген. Біз оны соңына дейін жеткізбедік.   

Бұл аула үш үйге ортақ. Өзге 2 баспана да мемлекеттік бағдарламаның қатысушысы атанған. Тұрғындар тосын сыйға дән риза.

 Зинаида Скурихина:
– Баланың ойы қашанда далада. Күн батқанша аулада ойнап жүреді. Алаңды жаңартуды бұрыннан аңсап жүргенбіз. Арманымыз орындалатын болды.  

Осының арқасында 40 жылдық тарихы бар баспананың тұрғындары алаң салуды көздеп жиған қаржыларын ортақ үйлерінің өзге қажеттігіне жарататын болады.

Жеңіс Ермұқанов