Энергетика

Энергетиктер қысқа әзірленуде



 

Айыртау көшесі, 10 мекенжайының тұрғындары қауырт маусымға ерте бастан қамданып қойыпты. 95 пәтерден тұратын баспананың қысқа әзірлігін растайтын құжаттары дайын. Құбырлары жуылып шайылған. Тіпті элеватор торабының жүйесінде жылу энергиясын үнемдегіш тізбекті насос қосулы тұр.

 Владимир Титов, “Жаңа үй” жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
-Екі бұранданың бірін жылы күндері жауып тастап, қалыпты температураны ұстап тұрудың мүмкіндігі жасалған. Есептегіш құрал тек пайдаланылған жылуды көрсетеді. Осылайша жылудың келуін сәл тежеп, қажетінше төмендетудің арқасында суық айларда коммуналдық қызметтің құнын 40 пайызға аз төлеп келеміз.  

Энергетиктер тұтынушыларына аталмыш үй тұрғындарының пысықтығы үлгі болса екен деп тілейді. Облыс орталығындағы 1032 көп қабатты тұрғын үйдің  тең жартысында ғана жеке пәтер иелері кооперативі құрылыпты. Ұйымшылдық танытпаған өзге баспаналардың дені қысқа дайындықты бастауға асықпайтын көрінеді. Қыстың қамын жаз ойлайтын энергетиктер болса, өздеріне жүктелген жөндеу жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Кәсіпорынның қарауында 230 шақырымнан астам жылу үлестіргіш желі бар. Оңың 70%-ның қызмет көрсету уақыты өтіп кетіпті.

 Игорь Осняч, “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директорының орынбасары:
– Жылу желілерін жөндеу үшін Еуропалық банктен 430 млн теңгенің несиесін алдық. Бұл қаржыға әбден тозған 5 шақырымдық магистральді жаңасына алмастырамыз. Биылдыққа инвестициялық жоба аясында 235 млн теңгеге екі нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Брусиловский көшесіндегі шаруа тәмамдалуға жақын.  

Қаламыздың Молодежный  ауданындағы әбден тозған жер асты құбыры  қыс айларында істен шығып, біраз мазаны алатын. Қара суық келгенде мәселе туындамас үшін нысан күрделі жөндеу жоспарына енгізіліпті. Жаңа құбырлардың қорғаныш қабаты бар. Бұлар кемінде 30 жыл қызмет етуге жарайды. Диаметрі де ескісінен 100 мм артық. Есесіне қуаттылығы да біршама жоғарылайды.

 Игорь Осняч, “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директорының орынбасары:
– Сонымен қатар бұл желілер автоматты басқарылады. Ақау шыққан жері бірден анықталып, әп сәтте жамалады. Өстіп үздіксіз тасымал үрдісін қамтамасыз етеміз. Бұның бәрі тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін жасалады. Бүгінде инженерлік желілерге 40 жыл бойы жөндеуді талап етпейтін сапалы кең құбырлар төсеуді қолға алдық.  

Заманауи материалдарды пайдаланудың есебінен соңғы 3 жылмен салыстырғанда биыл күтпеген апаттар 4 есеге азайыпты.

Жеңіс Ермұқанов