Омбы облысынан келген делегация өкілдері мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының белсенділері бас қосқан жиын біршама еркін жағдайда өтті. Дөңгелек үстел барысында олар екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық қарым-қатынастарға тоқталып, тәжірибе алмасты. «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Пішенбаев қонақтарды саяси ұйымның құрылымымен және атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Қайрат Пішенбаев, «Нұр Отан» ХДП СҚФ төрағасының бірінші орынбасары:
– Үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде партияға 2500 облыс тұрғыны өз мәселелерін, арыз-өтініштерін арқалап келді. Нұротандықтар әрбір солтүстікқазақстандыққа көмек көрсетуге тырысады.
Кездесу барысында екі жақтың өкілдері бірлесіп шешуге болатын мәселелер қозғалды. Соның бірі – халық көп қатынайтын Омбы мен Қазақстан шекарасындағы кеден бекеттері арасындағы тас жолды кеңейту жайы. Мұндай ұсынысты облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов жасады.
Қайырлы Едіресов, СҚО мәлихатының хатшысы:
– Тағы бір мәселе Омбы облысында карьерлер жоқ. Тас, құм деген жоқ сияқты. Солар бізде міне жақын 2-3 шақырым жерде ғана тұр. Ал олар Оралдан алады, 900-1000 шақырым жерден. Ал бізде 200 шақырым жерден сол тасты, құмды алуларына болады. Яғни біздің тауар айналым өседі ғой. Себебі оған салық төленеді. Салық төленсе, бюджетімізде ақша көбейеді.
Пікір алмасу мен диалогқа құрылған отырыс барысында екі ел арасындағы көп жылдан бергі достық пен келісім де назардан тыс қалмады. Жиында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков осындай кездесуді енді Омбы жерінде өткізуге ұсыныс жасады. Бүгінде көршілес Омбы облысында жүз мыңнан астам қазақ тұрады, сол себепті онда этносаралық қарым-қатынас мәселелерін қарау керектігі де айтылды.
Владимир Варнавский, РФ Омбы облыстық Думасының төрағасы:
– Біз бұл ұсынысты қабыл аламыз. Біздің осы жолғы кездесуімізді басқа форматта, яғни кеңірек ауқымда жалғастырсақ жақсы болар еді. Омбы жерінде алғаш рет Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас туралы келісімшартқа қол қойылған болатын.
Өзара іскерлік әрі достық қарым-қатынастағы мұндай жүздесулер оң нәтиже мен тың бастамалар әкеледі деген үмітте дөңгелек үстелге қатысушылар.
Әспет Әбдірешова