Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы ашылды


 

 

Бүгін солтүстікқазақстандықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Көптен күткен экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы құрылып отыр. Нысанның ашылу рәсіміне келген өңір басшысы Серік Біләлов бөлімшені соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықтауға облыстық бюджеттен 70 млн теңге бөлінгенін айтты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында демографиялық мәселеге баса назар аударуда. Елімізде ана мен бала денсаулығын нығайтуға бағытталған бағдарламалардың арқасында бірқатар жұмыстар атқарылып, оң нәтижелерге қол жеткізудеміз.

Биыл облыста денсаулық сақтау саласына 16,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Өңірде бала туу да 1,5 есеге өскен. Енді, осы бөлімшенің көмегімен бұл көрсеткішті тағы 4 пайызға көбейту көзделуде. Жаңа экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының таспасы салтанатты түрде қиылды. Орталық 3-ші қалалық аурухананың патология ғимаратында орналасқан. Репродукция бөлімшесімен танысқан соң Серік Біләлов бұның денсаулық сақтау саласындағы зор жетістік екенін айтты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Біздің адамдар Мәскеу, Омбы, Астана және Алматы қалаларына барып қаралатын. Жолға, онда тұруға қаншама қаражат жұмсалады. Енді міне алысқа бармай, жақын жерге осында келеді. Сондай-ақ, көрші Қостанай мен Ақмола өңірлері, Түмен, Қорған және Омбы облыстарының тұрғындарына да қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Барлығы жұмыстың сапасына байланысты.

Репродукция бөлімшесінде қызмет ететін 5 дәрігер баласыз жұбайларға шаттық сыйлап, бедеуліктен емдейді. Тыңғылықты тексерістен өткен соң әйел бойына жасанды түрде бала бітеді.

Ирина Грицюк, репродукция бөлімшесінің репродуктолог-әкімшісі: – Арнайы құралмен әйелден ұрық клеткалары жиналады. Жасушалар әрбір пациенттің есімі жазылған жеке түтікке салынып, зертханаға тапсырылады. Олар мұнда тазартылып, ұрықтандырылады. Сосын 72-120 сағат өткен соң дайын эмбрион жатырға салынады.

Мұндағы мамандар ресейлік және израильдік әріптестерінен тәжірибе алған. Өзара әріптестік алдағы уақытта да жалғаспақ. Сөйтіп орталық пациенттерге көмек беруге әзір. Олар жуық арада облыста диспансерлік есепте тұрған 460 ерлі-зайыптының 23-ін жуық арада қабылдайды.

Данаш Хамзина