Құқық қорғау органдары

Кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі инспекторлар рейдке шықты

 

 

Түнгі сағат 23 шамасында мәдениет және демалыс саябағының аумағында тәртіп сақшылары қалалық колледждердің бірінің 19 жастағы студентін мас күйінде ұстаған. Тағы бір студент Білім күні мерекесін тойламақ болып, Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан жазғы дәмханалардың бірінде бір бөтелке сыра алғанын айтты. Енді қоғамдық орында ішімдік ішкені туралы оқу орнына хабарланып, 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін мекеме иесіне әкімшілік хаттама толтырылатын болады. «Қызылжар» қонақ үйі маңында он тоғыз жастағы тағы үш азамат ұсталды. Бұларды да полицейлер сыра ішіп отырған жерлерінде қолға түстірген. Олар спирттік ішімдікті дүкеннен алып, үйлерінің сыртында орналасқан жылу құбырларының үстінде ішіп отырған. Нәтижесінде оларға және сыра сатқан дүкеннің сатушысына әкімшілік хаттама толтырылды. Рейд барысында тәртіп сақшылары үй аулаларын, компьютер клубтарын, дәмханаларды тексерді. Екі күннің ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар 14 әкімшілік хаттама толтырған.

Гүлбану Ахметова