Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған семинар

 

 

Қазіргі уақытта елімізде ірі қараның санын арттыруға ден қойылғаны белгілі. Малдың жай-күйінің қалыпты болуы маңызды. Яғни ветеринар мамандарға зор жауапкершілік артылған. Семинарға осы мәселе арқау болды. Жиында малды сояр алдында және содан кейінгі тексеру үрдісі талқыланды. Мамандар “Әсем” қожалығындағы мал сою бекеттерінің жұмысымен танысты. Соймас бұрын қожайыны малдың құжатын көрсетуі тиіс. Ал ветеринар өз кезегінде оның саулығын тексереді.

Өтеген Жүсіпов, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
Қазіргі таңда мемлекет бюджеттен қаражат бөліп отыр. Мәселен, біздің ауданымызға биыл 8 млн теңге бөлінді. Қаражат игерілуде. Ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінуде.

Бұдан соң ветеринарлар Явленка селосының маңында орналасқан мал қорымына соқты. Семинарға қатысушылар мал өлекселерін арнайы орындарға тастау қажеттігін айтады. Өйткені бұл экологияға қауіп тудырып отыр. Мамандар Явленкадағы ветеринарлық бекетте де болды. Мұнда оларды жануарларға идентификациялық нөмір таңбалау әдісімен таныстырды. Жылқыға нөмірді сұйық азоттың көмегімен салады. Енді нөмір өшірілмейді. Бастысы, бұл үрдіс еш ауыртпалықсыз өтеді. Идентификациялық нөмір салынғаннан кейін малға құжат беріледі. Қолданылып жатқан шараларға қарамастан, бұл салада әлі де шешілмеген мәселелер баршылық. Олар негізінен кадрлардың жетіспеушілігімен байланысты.

Берік Әлжанов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:
“Дипломмен – ауылға” бағдарламасына ветеринар мамандар да енген. Оларға көтермеақы мен үй алуға несие беріледі. Жоғарғы және орта білімді түлектерді тартудамыз.  

Мұндай семинарлар алдағы уақытта жүйелі түрде өткізіліп тұрмақ.

Инеш Шоқақова