Қоғам

Тамыздың отызы – еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан күн

 Айымгүл Әбілева, тілші:

-Ата Заң – мемлекетіміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің алтын қазығы, болашағымыздың кепілі. Оны құрметтеу, талаптарын әрдайым сақтау және орындау – еліміздің әрбір азаматының басты міндеті. Бас құжаттың баптарын әрқайсымыз білуіміз шарт. Осылай деп түйсінген жастар бүгін қала тұрғындары мен қонақтарына Конституцияның мәтінін таратып жатыр.

 

Бұл акцияны “Жас Ұлан” балалар және жасөспірімдер ұйымы “Молодежь за здоровый образ жизни” жастар бірлестігімен бірлесе өткізуде. Өскелең ұрпақ Ата Заңды таратып қана қоймай, тұрғындардың білімін де тексеруді де ұйғарған. Конституцияға қатысты сұрақтарға жұртшылық сенімді жауап беріп жатты.

Рүстем Есенбергенов, “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер республикалық ұйымы облыстық бөлімінің төрағасы:
– Шағын методикалық материалдарды таратудамыз. Ата Заңның баптары бойынша бірталай сұрақтар қойып жатырмыз. Көпшілік дұрыс жауап беріп, сыйлықтарын алуда.

Ата Заңды бала жастан оқытып, Конституцияға деген құрметті мектеп кезінен ұялатқан жөн. Өскелең ұрпақ демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет пен азаматтық қоғамның негізі – Конституция екенін, бұл құжаттың барлық азаматтардың еңбек етуіне, білім алуларына, өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік беретінін ерте жастан біліп-түйгендері абзал.

Зира Қасенова, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп мұғалімі:
-Балаларға мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, Ата Заңның баптары, тараулары бойынша мәліметтер беріле бастайды. 1 қыркүйек білім күнінде тәрбие шаралары өтеді.

Егеменді еліміз үшін айтулы мейрамды облыс жұртшылығы кең көлемде атап өтті. Конституция көшесінде қанат жайған мереке сән-салтанатымен көз тартады. Қай мейрамның болмасын көркі – бай дастархан емес пе? Орталық алаңда қаламыздағы мейрамханалар дәмді тағамдарын жайып тастады. Әркім-ақ одан дәм тата алды. Сондай-ақ бұл күні бал өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Ал С.Мұқанов атындағы кітапхананың алдында үлкен көрме жайылған. Мұнда облыс орталығындағы түрлі ұйымдар мен кәсіпорындар, бағбандар, гүл өсірушілер жеміс-жидек, дақылдардан жасалған сан алуан өнімдер мен бұйымдарды халық назарына ұсынды. Ал олардың қаншалықты шебер жасалғанын комиссия мүшелері бағалады. Сондықтан әркім ерекшеленуге тырысқан. Мәселен, Әл-Фараби мектеп-лицейінің ұжымы еліміздің мемлекеттік рәміздерін жасап әкеліпті.

Айнакөз Қасенова, Әл-Фараби мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі:
-Біздің көрмені ерекшелеп тұрғаны мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығына орай жасалған жұмыс. Табиғи өнімдерден жасалып отыр. Оны жасауға бір күн уақыт кетті.

Ел спортшыларының Лондон Олимпиадасындағы толағай табысын айшықтағысы келгендер де табылды. Ал оныншы мектеп ұжымы болса, өз жұмыстарында өңіріміздің басты байлығы – мол астығын көрсеткен.

Айман Өмірзақова, № 10 орта мектеп мұғалімі:
-СҚО-астыққа бай өлке. Сондықтан бұл көрмені тың игеруге арнадық. Мұғалімдер бәріміз жұмылып дайындадық. Бидайды, құмды, машиналарды, ақ қайыңдарды да алып келдік
.

Мұнымен қатар осы жерде қолданбалы қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды. Ал өңіріміздің фотосуретшілері кең байтақ еліміздің байлығы мен әсемдігін өз жұмыстарына арқау еткен. Бұл күні ашық аспан астында әуелеген ән мен жыр егеменді мемлекетімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің татулығы мен достығын, бірлігі мен ынтымағын паш етті. Тамыздың отызы – еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан күн. Бұл оқиғаның тарихи және саяси маңызы айырықша. Ата заңды қабылдай отыра, еліміз өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етті. Сөйтіп, бүгінгі таңда қазақ елі – серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Жеткен жетістіктері орасан. Әлбетте, мұның барлығы Негізгі заң аясында жүзеге асып отыр дейді бірауыздан егеменді ел азаматтары.

Айымгүл Әбілева