Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Салт-Дәстүр” облыстық фестивалі



 

 

Мереке күні Қазақстан Қонституциясы көшесін бойлай кең көрме жайылды. Облыс әкімі Серік Біләлов өңірдегі этномәдени бірлестіктер мүшелерінің өз қолдарымен жасаған туындыларын тамашалады. Ұлттық нақышта тігілген көрпелер, әшекейлер мен ағаштан жасалған бұйымдар көздің жауын алады.Бұдан кейін Серік Біләлов облыстық “Салт-Дәстүр” фестивалінің ашылу салтанатына қатысты. Өңір басшысы Қазақстанда ұлттардың татулығына баса мән берілетінін айтты. “Салт-Дәстүр” фестиваліне барлық 13 ауданнан сайыскерлер келген. Түрлі ұлт өкілдері көпшілік алдында өздерінің салт-дәстүрлерін паш етті.
Шал ақын ауданының Социал ауылынан келген Әсет Сыздықов “Қыз ұзату” салтын көрсететінін айтады. Мерекелік шараға тыңғылықты дайындалыпты.
Ақжардағы Алқатерек ауылының тұрғыны Бәтима Мұхамеджанова да осында. Ақ жаулықты ана қазақ халқының дәстүрін ел ішінде жаңғыртып, дәріптеп жүргендердің бірі. Сахна төрінде, сондай-ақ, орыстардың әндете отырып алма жинауы, немістердің үйлену тойы мен шешен халқының қыз ұзату рәсімдері де көрсетілді.

Юлия Батырева, “Зама” шешен мәдени орталығының мүшесі, Жамбыл ауданы:

– Мен қалыңдықтың рөліндемін. Сайысқа көп уақыт дайындалдық. Шешен халқының қызды қалай ұзататыны көпшілікке қатты ұнайды деген ойдамыз.

Фестиваль өңірдегі барлық ұлт өкілдерін тоғыстырды. Өзара әңгімелесіп, бір-бірінің өнерін қызықтау халықтар достығын одан бетер нығайта түсері сөзсіз. Өйткені Конституция күні мерекесі – жалпыға ортақ қуаныш.

Данаш Хамзина