Спорт

Марина Зуева – Әлем чемпионатының жүлдегері

 

 

 

Темір жол вокзалының перронында қуанышты қарбалыс. Тағатсыздана күткен Алматы-Петропавл бағытындағы поезд аламан бәйгеде ерлей білген жолаушыны туған жеріне жеткізді. Марина Зуева еркін күрестен өңірімізден әлем біріншілігінің жүлдесіне іліккен алғашқы нәзік жанды.

Марина Зуева, еркін күресатен әлем біріншілігінің жүлдегері:
– 3 кездесу өткіздім. Ақтық сынның жолдамасына таласқанда біршама қателіктерге бой алдырдым. Алдағы жаттығуларда олқылықтарымды түзеп, келесі жарысқа жеңіс үшін барамын. Мақсатым 4 жылдан кейін өтетін олимпиада ойындарында мықтылығымды дәлелдеп,Ән ұранымызды әуелету, туымызды биіктен желбірету.

Палуан қыз бұдан бір ай бұрын Азиялық тартыстың боз кілемінде жауырыны жер иіскемепті. Енді әлемдік белдесулердің үздік үштігін тұйықтады. Спорт шебері бұл биіктерді бар болғаны 2 жылдың ішінде бағындырған.

Александр Ляшенко, еркін күрестен жаттықтырушы :
– Өте алғыр, алған бағытынан қайтпайтын өжет қыз. Ерлерден қалыспай жаттығып берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды. Бапкерлерін марқайтып еңбегімізді асқақтата түсетініне кәміл сендік. Жарысқа шығуға мүмкіндік жасаған күрес федерациясы мен спорт басқармасына алғысымыз шексіз.

Солтүстік  Қазақстанның топырағы түлеткен Анжелина Челчкова да дүбірлі додада Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаған палуан.

Анжелина Челчкова, еркін күрестен әлем біріншілігінің қатысушысы:
– Азия біріншілігінде екінші орын алғандықтан, әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігі туды. 46 келі салмақ дәрежесінде бас жүлдеге 12 қыз таластық. Екі мәрте қарсыласымның жауырынын жерге бастым. Үшінші кездесуде жолым болмады. Нәтижесінде жарысты 6-шы болып аяқтадым. Келесі белдесулерде дес бермеуге тырысамын.

Жуық арада палуан қыздар ҚР чемпионы атақтарын енді бір мәрте қорғауға аттанатын болады.

Жеңіс Ермұқанов