Құқық қорғау органдары

Көші-қон заңнамасын бұзу фактілері азаймай отыр



 

Прокурорлар жүргізген тексеріс нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 132 оқиғасы анықталыпты. 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 шетел азаматы ел аумағынан шығарылыпты. Шетелдіктердің өңірімізде заңсыз еңбек етуіне қатысты жағдайлар көп тіркелген. Тек “Алтын арман” базарында ғана санитарлық талаптарға жауап бермейтін іспен айналысқан 10 шетел азаматы белгілі болған.

Арман Нұртазин:

 – Шетел азаматтарын жұмысқа тарту фактілері де анықталды. Петропавлдағы үйлердің қасбетін бояумен айналысатын серіктестікте еңбек еткен Өзбекстан Республикасының 13 азаматы белгілі болды. 11-де көші-қон карточкасы мен төлқұжаттары бар, ал екеуінде мүлдем құжат жоқ. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпорын басшысы 323 600 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Сондай-ақ Қызылжар, Мамлют, Тайынша, Шалақын аудандарында 6 жұмыс беруші әкімшілік жазаға тартылды.

Осы сынды заңбұзушылықтармен күресуге көші-қон полицейлері тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр дейді прокурорлар. Кей жағдайда олар заң бұзушыларды анықтамаса, ал кей кезде өрескел олқылыққа жол берген кінәлілерді жауапқа тарту үшін ешбір шара қолданбайды. Мәселен, Мамлют ауданында Белое селосының жанындағы жеке кәсіпкердің бақшасында өкілетті органның рұқсатынсыз еңбек еткен 12 Өзбекстан азаматы жауапқа тартылмапты. Өткен жылы облыста шетел азаматтары 72 қылмыс жасаған. Ал биылғы жылдың алты айында 36 адам қылмыстық жазаға, 2 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапқа тартылыпты. Жағдайды ушықтырмау үшін көші-қон полициясы қызметкерлерінің өзге органдармен бірлесе жұмыс жасап, бақылауды күшейткендері жөн деген пікірде прокурорлар. Сондай-ақ жиында қасақана жасалған қылмыстарды тергеудің толыққанды және заңға сай болуына қатысты мәселе де талқыланды.

Айымгүл Әбілева