Аптадағы маңызды жаңалықтар

Конституция күніне орай әскерилер марапатталды

Іргелі ел болудың, өркениетті мемлекет құрудың негізі – бұл Конституция. Ол біздің саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік- экономикалық дамуымыздың қайнар көзі. Тәуелсіздік жылдарындағы табыстардың барлығы Ата Заң аясында жүзеге асты. Осы жылдар ішінде еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, кәсіби әскер құруға үлкен көңіл бөлінді. Бүгінгі күні мемлекетіміздің қарулы күштері заман талабына сай ел қауіпсіздігінің қалқаны.

Фархад Қуанғанов,  облыс әкімінің орынбасары:
-ҚР Қарулы күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел қорғанысын нығайтуға, тыныштығын сақтауға баса назар аударады. Бүгінде Республикамыздың Қарулы күштері жоғары деңгейдегі материалдық-техникалық базамен қамтылған. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан аға ұрпақтың сара жолын жалғастыру
парызымыз.

Конституция күніне орай мінсіз қызметі үшін екі әскери қызметшінің шені жоғарылады. Айыртау ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкері Бауыржан Есенеев бүгін капитан шенін иеленді. Салтанатты жиында сондай-ақ бірқатар әскери қызметшіге облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды.

Серік Ахметов,  ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі бөлімшесінің бастығы:
-Конституция күні қарсаңында марапатқа ие болу аса елеулі оқиға. Жасалып жатқан жұмыс көп. Мәселен, әскери институттың оқу үрдісіне қажеттінің барлығы қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде әскерилер мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй алуда.

Осылайша бүгінде әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен көңіл бөлініп отыр.

 

 

Айымгүл Әбілева