Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжарлықтар гектарынан орта есеппен 20 центнерден астық бастыруда

 

 

 

“Орловский и К” ЖШС 2,5 мың гектар аумаққа дән сіңіріпті. Егін ору науқаны енді басталды. Диқандар астықтың шығымы көңіл көншітеді дейді. Шамамен гектар басынан 20 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Ең бастысы бұл істі шығынсыз атқару дейді серіктестік директоры. Оған мемлекеттің қолдауы да күшті.

Владимир Орловский, “Орловский и К” ЖШС директоры:
Біз өткен жылы «Қазагрофинанс» АҚ арқылы 4 жаңа «Енисей» алдық. Биыл техника санын тағы 2 «Есіл» комбайнымен толықтырдық. Мұндай техникамен орақ науқанына 10 күн жеткілікті болады деп ойлаймын. Тек ауа райы қолайлы болса болғаны.

Алқапта барлығы 12 комбайн жұмыс істеуде. “Брушкевич В.Б.” шаруа қожалығының басшысы қуатты техникаға қоса астыққа күтім жасау да аса маңызды деген пікірде.

Владимир Брушкевич, “Брушкевич В.Б.” шаруа қожалығының басшысы:
Мен егіннің өсуіне септесетін арнайы құралдарға, дәрумендерге аса көңіл бөлемін. Егінді тыңайтқыштармен өңдейміз. Мұның бәрі жақсы өнім алуға өз әсерін тигізеді.

Қазіргі таңда 170 гектар астық бастырылыпты. “Алекри-агро” серіктестігіндегілер де астықтың шығымдылығы жоғары болатынына сенімді. 5 мың гектар алқаптың 1 мыңы құлатылған.

Мәди Ыбыраев, “Алекри-агро” ЖШС директорының орынбасары:
Серіктестігіміз орақ науқанына кірісті. Қазіргі таңда бидайды құлату жұмыстары жүргізілуде. Ал сұлыны жинап алдық. Бізге ауа райы аздап қолбайлау болуда.

Дегенмен диқандар орақ науқанын дер кезінде аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл үшін “Ростовсельмаш” компаниясының 4 “Акрос» және 2 «Вектор» жоғары өнімді техникаларын сатып алған. 200 гектар астық бастырылған. Гектар берекелігі 20 центнерден айналуда. Жалпы Қызылжар ауданында 168 мың 200 гектар астық себіліпті, оның 57 мың 300 -і құлатылған. 31 мың 700 гектары бастырылып,  жиналыпты.

Инеш Шоқақова