Қоғам

Шекара әскеріне – 20 жыл

 

 

СҚО Орталық Азияны Еуропа елдерімен байланыстырушы көпір іспеттес. Кәрі құрлыққа кіретін қақпа саналатын өңіріміздің 6 ауданы РФ іргелес жатыр. Шекараның ұзындығы 1200 шақырым. Оның бойында 17 бекет орналасқан. Ондағы тыныштықты күзетуде шекарашыларға артылған жүк ауыр. Бұл жауапты міндетті сақшылар осымен 20 жыл абыройлы атқаруда.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Құрметті шекара қызметкерлері, сіздерді шекара әскерінің құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Ел Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шекара қызметіне ерекше көңіл бөлуде. Отанымыздың тыныштығын сақтауда сіздерге зор міндет жүктелген. Шекарашылар міндетін абыройлы жақсы атқарып, халықтың сенімін ақтайды деген ойдамын.
 

Мерейтойлы салтанатта мінсіз қызметімен ерекшеленгендер облыс әкімінің құрмет гоамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды. Еңбектері еленгендердің қатарында 10 жыл бойы антына берік, сертіне адал болып жүрген шекара қызметінің майоры Кенжебек Омаров та бар.

Кенжебек Омаров, 2032 әскери бөлімінің карлар бөлімшесінің бастығы:
– СҚО әкімшілігіне өз алғысымды білдіргім келеді. Менің еңбегімді құрметтеп алғыс хат берді. Мұнда жазылған сөздерді қызметімде өз істеріммен дәлелдеуге тырысамын.
Мемлекет шекарасының тыныштығын қамтамасыз етуге қашан да дайынбыз.  


Шекарашаылардың бірқатарына мерейтойлық кеуде белгілері табысталды. Естелік медальдің бірі ҰОС ардагері Балташ Сейітовтың кеудесіне тағылды.  

Балташ Сейітов, ҰОС ардагері:
–  Жасасын шекара қызметкерлері. Күндіз-түні еліміздің тыныштығын қамтамасыз етіп отырғандары үшін. Қазақстан халқын құттықтаймын осы мерекесімен.

Төл мерекелерінде оңай емес қызметте жүрген нәзік жандыларға да ерекше құрмет көрсетілді. Сержант Жанна Сұрағанованың Булаев шекара бекетінің бақылаушысы қызметінде жүргеніне 4 жыл болыпты.

 Жанна Сұрағанова, Булаев шекара бекетінің бақылаушысы:
– Шекара қызметкері болған соң біз әр күн бар білгенімізді, жігерімізді салып, ерлермен бірдей жұмыс істеп, еліміз үшін еңбек атқарамыз. Әріптестерімді осы мерекемен құттықтап, болашақта қызметтерінде тек зор жетістіктер, қажымас қайрат тілеймін.

Салтанатты шара мерекелік ән шашуға ұласты.

 Жеңіс Ермұқанов