Қоғам

Қазанның жиырма бесі діни бірлестіктерді қайта тіркеу аяқталады

 

 

 

Өткен жылы елімізде “Діни қызмет және діни бірлестіктер” туралы жаңа заң қабылданды. Ол діни бірлестіктерді тіркеу мәселелерін, дінтану сараптамасын жүргізу негіздері мен тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеуді жетілдіруге бағытталған. Осы өзгерістерге сәйкес елдегі діни бірлестіктер қазанның жиырма бесіне дейін қайта тіркеуден өтулері тиіс.

Әбу-Бәкір Қарменов,СҚО дін істері жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы:
-Жаңа заңда өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Соған сәйкес, діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтулері қажет. Қайта тіркеуден өтпеген жағдайда, сот шешімімен жойылады.

Қазіргі күні облыста 100-ге жуық діни бірлестік жұмыс істейді. Олардың бірнешеуі ғана осы күні қайта тіркеліпті. Жұмыстарын тоқтатқылары келмесе, өзгелері асығуы тиіс. Семинарда мамандар қайта тіркеуден өтудің тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді.

протоиерей Сергий, Петропавл-Булаев епархиясының хатшысы:
– Қазір қайта тіркеуден өтуге дайындалып жатырмыз. Облыста жаңа құрылым – Петропавл-Булаев епархиясы құрылған болатын. Енді жуық арада діни бірлестіктің жарғысын тәртіпке келтіріп, тіркейміз.

Айту керек, негізгі жаңалық діни бірлестіктің мәртебесін анықтау болып отыр. Сөйтіп, жергілікті бірлестікті кемінде 50 адам құра алады. Ал өңірлік ұйымды құруға кем дегенде 500, республикалық бірлестікке – 5000 азамат ниет танытуы керек.

Айымгүл Әбілева