Бизнес және экономика

Облыстың өткен 7 айдағы даму қорытындылары

 

 

Үстіміздегі жылы облыстың өндірістік кәсіпорындары 63,6 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Негізінен бұл көрсеткіштің қалыптасуына өңдеу өнеркәсібі әсер еткен. Өйткені облыс өндірісінің көлемінде оның үлесі 72,7 пайызды құрайды. Өзге де салаларда өсім байқалады дейді мамандар.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
Алдын ала болжау бойынша қаңтар-шілдеде 42 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өнімдері өндірілді. Өндірілген өнімнің негізгі үлесі 94 пайызы мал шаруашылығына келеді.

Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 9,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 28,9 процентке жоғары. Облыс аумағында жалпы көлемі 28 112 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліпті.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
2012 жылғы қаңтар-шілдеде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 33,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге жоғары. Қазақстанның облыстары арасында негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны бойынша облысымыз бірінші орында.

Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы да біршама өсіпті. Ең жоғарғы жалақы мөлшері қаржы және сақтандыру кәсіпорындарында сақталып, 103 800 теңгені құрады. Бұл орташа облыстық көрсеткіштен 1,6 есеге артық.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 66 мың 488 теңгені құрады. Білім беру жүйесі қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға өсіп, 61 мың теңгеге жетті. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер 74 мың теңге.

2012 жылдың 1 шілдесіне облыс халқының саны 581 мың 600 адамға жетіп отыр. Олардың 59 пайызы ауыл тұрғындары. Жас отбасылардың саны да артта түсіпті. 1964 некелесу тіркеліп, 4234 сәби дүниеге келді.

Инеш Шоқақова