Қоғам

Қылмыстық істер бойынша үкім шығаруға алқабилер де қатысуда

 

 

 

 Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Хайдаров есімді адамның  ісі қарастырылып жатыр. Айыпталушы Петропавл арқылы Омбы қаласына 20 килограмнан артық есірткіні алып өтпек болған. Оның алдағы тағдыры алқа билердің шығарған шешіміне байланысты болмақ.  Облыс бойынша алқабиге үміткерлердің тізімінде 250 адам бар. Заң бойынша олардың жасы 25 пен 65-тің аралығында болуы керек. Алқаби мүшесі болуға жоғары білімі бар, алайда мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын, бұған дейін өзі және туған-туыстары істі болмаған тұлғалар іріктеледі. Сонымен қатар, олардың наркологиялық және психоневрологиялық есепте тұрмауы да ескеріледі. Сотқа бұл жолы кездейсоқ әдіспен таңдалған 50 адам шақыртылды.

 Айгүл Бралина, Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі:
-Ең басты туындайтын мәселенің бірі – ол іріктеуді өткізу. Өйткені көбі келмейді. Аудан бойынша бізде көбіне сұрақтар туындамайды, негізгі туындайтын сұрақ қала бойынша. Қаладан адамдар қатысқысы келмейді, моральдық немесе психологиялық жағдай бойынша қатыса алмаймын деп жатады.  

Сот процесіне қатысқаны үшін алқа билерге заң бойынша судьяның бір күндік еңбекақысының 50 пайызы төленеді. Шақырту алған үміткерлердің ішінен отырысқа 44-і келген. Аса ірі есірткі партиясын алып өтпек болған айыпталушының қылмыстық ісімен таныстырғаннан кейін судья алқа билердің құқықтары мен міндеттеріне тоқталды.

 Бауыржан Баймұрзин, Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Алқа билер – сот процесіндегі толыққанды құқығы бар қатысушылар. Сонымен қатар, кейбір мәселелер олардың қатысуынсыз қаралады.  

Бауыржан Баймұрзиннің сөзіне қарағанда, айыпталушы Хайдаровтың ісі бірнеше күн  қарастырылады.  Ал әзірге алқа билікке мүше болудан бас тартқысы келгендер өз себептерін сот процесі басталғанға дейін айтулары керек.  Қылмыстық істі жүргізу талаптары орындалғаннан кейін негізгі 10 және қосымша 2 адамнан алқа билер құрамы жасақталады. Айту керек, 2010 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында алқа билердің қатысуымен 19 қылмыстық іс қарастырылған.

Әспет Әбдірешова