Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлюттіктер әр гектардан 12 центнерден астық алмақшы

“Әйтеке Би – СК” ЖШС-нің егіс алқаптарында жұмыс қызу жүріп жатыр. Бір апта ішінде 1400 гектар алқаптағы егін орылып, 750 гектар дән бастырылыпты. Жалпы үстіміздегі жылы шаруашылықта 5 мың гектар алқапқа бидай егілген. Биылғы құрғақшылыққа қарамастан, диқандар жақсы өнім жинап алуға үмітті. Гектар шығымдылығы – 14-15 центнер шамасында болады деп болжанған. Егін орағын уақытында аяқтауға мүмкіндік мол дейді шаруашылық директоры Петр Порубенский. Техника жеткілікті, жанар-жағармай бар. Бір ғана мәселе – бидайды сақтау жағы толғандырады диқандарды.

 

 

Петр Порубенский, “Әйтеке би – СҚ” ЖШС директоры:

-Астықты сақтау мәселесіне келгенде қиындық туындайды. Элеваторлар келісімге тұрмайды. Өйткені  өткен жылғы бидай жатыр. 70-80 пайызы толық. Ауа райы құбылмалы. Жаңбыр жауса, астықты қайда кептіреміз, қалай сақтаймыз. Бізді осы жағы алаңдатып отыр.

Шаруашылықтың егін алқаптарына 19 техника шығарылған. 25 адам еңбек етуде. Ауа райы қолайлы болса, диқандар астықты қыркүйектің біріне дейін жинап алмақшы. Мамлют ауданында бүгінде барлық дерлік агроқұрылымдар егін орағына кіріскен. Биыл ауданда 150 мың гектар алқапқа дән егілсе, оның 10 мың гектары орылыпты. 5 мың тоннаға жуық астық жиналған.

Василий Лисичкин, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары:
Гектар шығымдылығы орташа алғанда – 12,1 центнерді құрайды деп болжанып отыр. 22-23 күннің ішінде аяқтауды межелеп отырмыз. Жанармай мәселесі шешілген. 3 оператормен келісімдер жасалды. Уақытында жеткізіледі.

Егінді жинап алуға 552 комбайн жұмылдырылған. Оның 10-ы биыл сатып алыныпты. Сондай-ақ бидай сақтау мәселесін шешу үшін сыйымдылығы 22 мың тонна арнайы қапшықтар да алынған. Әрине, бұл түйіткілді түпкілікті шешпейді. Дегенмен, шаруалар жаз бойы тер төгіп жинап алған астығын далада қалдырмау үшін осылайша амалдап жатыр. Айтқандай, аудан халқы малдың қысқы жем-азығын да дайындап қойған. Осы күні 38 мың тонна шөп әзірленіпті.

Айымгүл Әбілева