Мәдениет

“Алматы -тәуелсіздіктің алтын бесігі” фотокөрмесі


 

Көрмені СҚО әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары  Серік Сейдуманов ашты.

 Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Алматы қашанда мәдени астана болып қала бермек. Бұл шаһар талай ұлт зиялыларын, қаламы қарымды жазушы, ақын, сахна саңлақтары мен серке спортшыларды тәрбиеледі. Оңтүстік астана еліміздің басты нышаны деп айтсам қателеспейміз. Әсем табиғат аясында бой көтерген архитектуралық кешендер мақтанышымызға айналды. Облыс әкімінің атынан көрменің ашылуымен құттықтаймын.  

 Алматы – Жетісу жерінің, Алатау бөктерінің сұлу келбетінде дәулеті мен сәулеті келіскен керемет шаһар. Бұл көз тартар көріністі “Алматы -тәуелсіздіктің алтын бесігі” атты көрмеге қойылған  фотосуреттерден байқау қиын емес.

 Марат Тәжиев, кәсіби фотосуретші:
– Бұндай суреттерді сырттан келіп түсіру мүмкін емес. Алматының ішкі жан дүниесін біліп, суығы мен ыстығына жылдар бойы төзіп жүрген адамның қолынан туған дүние. Әр туынды тірідей әсер қалдырады. Кәсіби суретші ретінде өте шебер орындалған деп сеніммен айта аламын.

Көрмеге әсем қала шабыт беріп түлеткен суретшілердің жұмыстары қойылған. Барлығы таңдаулы деген 80 туынды іріктеліп алыныпты. Алматының  мың жылдық шежіресі бар. Оның бай тарихынан сыр шертер мұражайға 33 мыңнан артық жәдігер жиналыпты.  Жақсыны – көрмекке. Алматының аты әлемге жайылған апорты, Медеу, Шарын  шатқалының бейнесін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Алматының әр мезгілдегі көз тоярлық  бүгінгі кейпі жерлестеріміздің бойында тек мақтаныш сезімдерін ұялатты.

– Суреттерді тамашалап жүріп Алматыда оқыған жастық кезімді еріксіз еске алдым. Баяғы «Достық «алаңының негізгі көрінісі сол қалпы. Тек одан бетер көркейе түскен. Келушілерге көрме мол әсер қалдырғаны анық
– Алматы көптеген жастың арман қаласы. Мүмкіндік туа қалса бұның бәрін өз көзіммен көргім келеді.  

Осылайша Петропавлдағы Алматы мәдениетінің күндері әсерлі фотокөрмемен ашылды.

Жеңіс Ермұқанов