Бизнес және экономика

Өңірдің өндіріс саласында биыл өсім бар

 

 

Биыл облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында өсім байқалып отыр. Аталған сала департаментінің бастығы Тотыкамал Құлжанова жалпы жетістіктер жайлы айтты. Жыл басынан бері өңірде былтырға қарағанда өнеркәсіп өнімі 3,9 пайызға көп дайындалған. Өңдеу саласының шығарылымы да өткен жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, кіші және орта бизнестің де дамуға қосқан қомақты үлесі бар.

  Тотыкамал Құлжанова, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:

– Облыстың шағын және орта бизнеспен айналысатын адам саны 100 мыңды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға көбейген. Осылардың 2,6 пайызы нарықта белсенді жұмыс істейді. Бұл 2011 жылдан 2 пайызға төмен.

Шағын және орта бизнес кәсіпкерлері алты ай ішінде 77,7 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Бұл салада   5 218 тұрғын еңбек етеді.  Кейбір жеке аудандарда өнеркәсіп өнімі көлемінің құлдырауы байқалды. Мысалға, Айыртау, Аққайың және Жамбыл аудандары  көш соңында. Жамбыл ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бастығы Владимир Каторженко,тіпті, төмендеудің себебін түсіндіре алмай дал болды.
Сондай-ақ, Тотыкамал Құлжанова Индустрияландыру картасының орындалу барысы жайлы баяндады. Аталған жоба бойынша 2012 жылы өңірде 6,9 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 101 тұрғын жұмыспен қамтылмақ.Соңғы 2 жылдың ішінде белгіленген 30 жобаның 20-сы жүзеге асырылыпты.

  Тотыкамал Құлжанова, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:

– Қазір 8 жоба толығымен іске қосылды, 6-уы 50 пайызға, ал 5-уі жарым-жартылай ғана жұмыс істеуде. Бір жоба  – “Баско” ЖШС ет өңдеу кешені, тіпті, сол қалпында жай тұр. Мамлют, Уәлиханов және Шал ақын аударының жобалары Индустрияландыру картасында жоқ.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласындағы жалпы жағдаймен танысқан соң жиынға қатысушылардың барлығына жақын арада жұмысты қолға алуды тапсырды.

Данаш Хамзина