Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют ауданына Даниядан асыл тұқымды сиырлар әкелінді

 

“Белое Агро” шаруашылығына асыл тұқымды сиырлардың алғашқы легі арнайы көлікпен тікелей Даниядан жеткізілді. 63 бас жоғары өнімді ірі қара бір аптаның ішінде 4 мың шақырымды артта тастап, шекара асқан. Шетелдік зеңгі баба төлдерінің қазақ жеріне аяқ басуы мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламасының көмегімен жүзеге асқан. Жалпы қарашаның 15-не дейін жаңа кешен 400 бас жоғары өнімді тайыншамен толығады. Бұл мақсатта “Белое Агро” ЖШС 242 млн. тенгенің несиесін алыпты.

Талғат Әлжанов, “Белое Агро” ЖШС бас директоры , Мамлют ауданы:
– 2 қора толығымен дайын, биыл малдар қыстап шығатын тағы 3 базаны аяқтаймыз. Жем-шөп базасын әзірлеп қойдық. “ҚазАгроқаржы” және “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы жылдық төрт пайыздық үстемеақымен қаржыландырды. Мақсатымыз асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытатын ірі серіктестікке айналу.

Солтүстіктің ауа райына бейімделгенше шетелдік мал арнайы қамауда күтіліп-бағылады. Бұндай ірі қара малдың аталығының салмағы 1,5 тоннаға дейін жетеді екен. Ал сиырлар тірідей 800 келіге шейін салмақ қосады. Бұндай жоғары өнім алу үшін арнайы жем-шөп базасы мен ерекше күтім керек.

Людмила Чернаусова, мал дәрігері, Мамлют ауданы:
– Шетелдік төлдер 30 күн бойы мал дәрігерлерінің қарауында болады. Біз ангустар жиі шалдығатын аусыл, липтаспироз, листариоз ауруларына қарсы ем-дом қолданамыз. Бізде бұндай ірі қарамен жұмыс жасайтын тәжірибе бар. Қатал ауа райына өте төзімді, тез бейімделіп кетеді.

Ветеринарлық қараудан өткен соң төлдер жайылымға шығарылады. Бүгінде жер өңдеу ісін оң жолға қойған серіктестікте 40 адам тұрақты табыс көзімен қамтылған. Асыл тұқымды мал шаруашылығының іске қосылуымен тағы 8 адам еңбекке тартылмақ. Жалпы “Белое Агро” Мамлют ауданында жергілікті малды асылдандыруды қолға алған екінші серіктестік . Алғаш болып бұл істі “Мамбетов и К” КС бастап кетіпті. Биыл  е мұнда шетелден жеткізілуі тиіс жоғары өнімді торпақтардың жартысы әкелініпті.  

Қанат Қалиев, Мамлют ауданының әкімі:
– Ет өндірісін дамыту бағдарламасы бойынша 2 250 бас мал әкелуіміз керек. Бүгінгі күні 1200 бас мал келді. Аудан бойынша 2 асыл тұқымды репродуктор, 20 мал бордақылау алаңы бар. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 420 бас мал алынды. Бұл жөнінде айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Жем-шөп базасы дайын.  

Жалпы Мамлют ауданында шетелдік зеңгі баба төлдерін өсіру үшін “Қаз АгроҚаржы” АҚ арқылы 5 жоба іске асырылмақ. 2 кәсіпкер «Аграрлық несиелік корпорацияның» көмегіне жүгінсе, тағы екі шаруашылық  «Қаржылық қолдау» қорының демеуімен діттеген мақсатына жетпек.

Жеңіс Ермұқанов