Қоғам

Береке шағын ауданына жылу құбыры тартылып жатыр



 

Орды терең қазып, құбырларды балқытып дәнекерлеу, оларды жөндеп төсеу және үстінен құм төгіп, жабу. Осындай қауырт жұмыс бүгінде «Береке» ықшам ауданында жаңадан салынып жатқан жылу құбырының басында жүргізілуде. «Петропавлспецкоммунстрой» ЖШС жұмысшыларының бұл жерде ебектенгеніне 1 айдан асты.

 Юрий Колесников, «Петропавлспецкоммунстрой» ЖШС бас инженері:
– Жылу құбырының ұзындығы – 1,5 шақырым. Әзірге оның 605 метрі жасалды. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп ойлаймын. Қажетті жұмысшы да, материал да, техника да жеткілікті.

Құрылыс басында барлығы 12 жұмысшы еңбектенуде. Негізгі ауыр шаруа экскаватордың көмегімен жасалады. 7 жылдан бері құрылыс саласында еңбектеніп жүрген Сергей Сычевқа мына техниканы басқару міндеттелген.

 Сергей Сычев, «Петропавлспецкоммунстрой» ЖШС экскаватор операторы:
– Жұмысым көңіліме қонымды. Техника да жаңа. Жалақымызда уақытында аламыз. Жасалып жатқан жұмыстың бәрі ел игілігі үшін.

Қарапайым жұмысшыдан бастап прорабқа дейін көтерілген Евгений Дзюбенко да 7 жылдан бері осы салада тер төгіп келеді. 2007 жылы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің құрылысшы мамандығын тәмәмдаған ол бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ден жоғары білім алып шыққан. Оның айтуына қарағанда құрылысшы мамандарға деген сұраныс күннен-күнге артып отыр.

 Евгений Дзюбенко, «Петропавлспецкоммунстрой» ЖШС прорабы:
– Құрылысшыларға деген сұраныс бүгінде өте жоғары. Бұл Қазақстанда құрылыс жобаларының жүзеге асырылып, жаңа елді-мекендердің салынуымен байланысты. Алдағы уақытта өзім таңдаған мамандықтан қол үзбеймін.  

Күнделікті құрылыс жұмыстары мұнда таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жалғасады.

Әспет Әбдірешова