Бизнес және экономика

“Жас кәсіпкер” инновациялық бизнес-жобалар байқауы жарияланды

 

Еңбегі аздың өнбегі аз. Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласында барша халықты осы игі жолмен жүруге үндейді. Елбасының игі бастамасын толықтай қолдап, іліп әкеткен өңіріміздің белсенді жастары жерлестеріне осыны насихаттауға бел буыпты.

 Айзада Рахметова, “Жас Отан” ЖҚ мүшесі:
– Елбасының соңғы мақаласы әр қазақстандықтың өміріне маңызды. Оны әрбір солтүстікқазақстандық білу керек. Сондықтан біз флеш-моб өткізіп, мақала басылған шағын кітапшаны жерлестерімізге таратып жүрміз.  

Кейін жас саясаткерлер мен кәсіпкерлер, білім ошақтарының өкілдері осы тақырып аясында дөңгелек үстел басына жиналды. Халық даналығы “Еңбек түбі береке” дейді. Тынымсыз еңбектерінің арқасында жеке істерін өрге домалатқан бизнесмендер  бұл нақылдың орынды айтылғандығын нақты істерімен дәлелдеп отыр. Махаббат Есімбаева – алған білімі мен ұшқыр ойларын ұтымды үйлестіре білген өңіріміздің жас кәсіпкері. Іскер жиналғандарға табыс кілтінің құпиясы жайлы айтып берді.

 Махаббат Есімбаева, жас кәсіпкер:
– Мен 2008 жылы СҚМУ-де машинақұрастырушы мамандығын игеріп шықтым. Бірден көлік таразыларын орнататын жеке ісімді аштым. “Қазақстанда жасалған” және “Бизнестің жол картасы” байқауларына қатысып, қызметімнің сапасын біршама жақсартып алдым.
Мемлекет қазір бізге жақсы қолдау жасап отыр. Бастысы табыстың қайнар көзінде жүрем дегендерге алға басып аянбай еңбек ету керектігін ұмытпаған жөн.  

Махаббат кәсібі бардың нәсібі бар екендігін өз тәжірибесінен байқап көрді. Бүгінде еліміздегі білікті мамандардың үлесі 40 пайызға жетіпті. Табыс көзі барлардың 3/1 өзін өзі еңбекпен қамтығандар құрайды. Өзгелеріде тартынбау керек. Бұған дем берер облысымызда “Жас кәсіпкер” иновациялық бизнес жобалар жастар байқауы жарияланды. Қатысамын деушілер тың ойларын тамыздың соңына дейін тапсыра алады.

 Данияр Әбутәліпов, “Нұр Отан” ХДП “Болашақ” филиалы төрағасының орынбасары:
– Елбасы айтқандай жастар арасында әлеуметтік инфантилизмге төтеп беру үшін, іскерлікке бейімдеу, жобаларын жүзеге асыру мақсатында өткізіп отырмыз. Арнайы оқу семинарлары өткізіледі. Кейін облыс кәсіпкерлеріне көрсетіліп, жобаларын жүзеге асыру үшін көмек жасаймыз.

Ең тапқырлары Ұлттық бизнес-жобалар байқауына қатысу мүмкіндігін алады.

Жеңіс Ермұқанов