Қоғам

Солтүстік Қазақстан облысына Кавказдан жер аударылып келгендер туралы мәліметтер жинастырылуда

 

 

Ингушетиялық делегация елімізге осымен 2 -ші жыл қатарынан келуде. Бұған дейін шетелдіктер Алматы, Павлодар, Астана, Көкшетау мен Қостанайдың мұрағаттарында жұмыс істеген. Мақсаттары – қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанға жер аударылған қандастары туралы мәлметтерді анықтау. Ендігі кезекте, біздің өңірімізге ат басын тіреген ингуш елінің делегациясы облыстық мемлекеттік мұрағатта 1850 жылдан бері сақтаулы тұрған құжаттармен танысты. Тарихи деректерге сүйенсек, Солтүстік өңірге 1936-44 жылдары 20 789 шешен және ингуш, 9 350 кәріс, 79 000 неміс және 21 000-нан астам поляк ұлтының өкілдері жер аударылған.

 Сәуле Мәлікова, СҚО мемлекеттік мұрағатының директоры:
-“Спецпереселение” деген статуспен қоныс аударды. 1936 жылы ең алғаш Қазақстан жеріне поляктар қоныс аударды. Біз олардың нақты кімдер, қандай отбасынан шыққандарын анықтап жатырмыз.

Кеңес одағы кезінде Қазақстанға Казказ халқының 83 пайызы жер аударылыпты. Осы күні өңірге күштеп қоныс аударылған 50 шешен және ингуш азаматы туралы құжаттар табылып отыр. Делегация өкілдеріне мұрағат қызметкрелері ғана емес, қуғын-сүргінге ұшыраған қандастары да көмек көрсетуде.

 Лейла Арапханова, Ингушетия Республикасының ұлтаралық қатынастар және қоғаммен байланыс министрінің орынбасары:

– Біз былтыр Павлодарда болған едік. Онда қазақ  отбасымен таныстық. 1944 жылы жаппай жер аудару кезінде жолшыбай өздігінен жүріп-тұра алмағандарды тастап кетіп отырған. Осылайша, жолда қалып қойған қандасымыздың бірін қазақтар асырап алыпты. Кейін ингуш қыз қазаққа тұрмысқа шығып, отбасын құрған.  

Шетелдіктер іздестіру шараларын “2011-2014 жылдарға арналған рухани адамгершілік тәрбиесі” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізуде. Делегация өкілдері мұрағаттарда табылған мәліметтерді жинақтап, электрондық көшірмесін дайындайды.

 Зарифа Саутиева, “Репрессия құрбандарына арналған мемориалдық кешен” мұражайының жетекшісі, Ингушетия Республикасы:
– 1944 жылғы күштеп жер аудару шаралары барлығымызға ортақ қасірет. Мыңдаған азаматтар туып-өскен жерлерінен қуылып, олар туралы мәліметтер жойылды.
Біз жер аударылғандарға қатысты қандай да болсын құжаттарды жинап жүрміз. Өзімізде бар мәліметтер соғыс кезінде сақталмай қалды.  

Саяси делегация мүшелері 1 ай бойы еліміздің басқа қалаларындағы мұрағаттарда да жұмыс істейді. Кейін барлық мәліметтер топтастырылып, жинақ ретінде жарық көрмек.

Гүлбану Ахметова