Мәдениет

Қөлөнершілер жәрмеңкесі


Облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылған жәрмеңкеде өз бұйымдарын халыққа көрсетемін деген шеберлерде қисап жоқ. Солардың бірі – Елена Елизарова. Еленаның зергерлік бұйымдарды жасаумен айналысып жүргеніне 2 жыл. Ол үйінде тапсырыс алып, тұрғындарға керек әшекейлерін жасап береді екен. Бүгінгі жәрмеңкеден кейін қалалықтар өңірімізде қолданбалы қолөнер шеберлері мен зергерлердің көп екенін білетін болды дейді ісмер.

 Елена Елизарова, қолданбалы қолөнер шебері:
– Мен бірінші бұйымымды қыста жасаған болатынмын.
Басында әшекейлерді өзім үшін істедім. Кейін, жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн санадым. Мен бұл бұйымдарды жасау үшін полимерлік сазды пайдаланамын. Қыз-келіншектердің моншақтарымен қатар, гүл, қуыршақ та жасауға болады.  

Еленаның өз қолымен жасаған бұйымын ұнатып, бірден сатып алғандар да табылды.

  Валентина Мальцева:
Мен мына маңнан өтіп бара жатып кездесоқ зергерлер мен қолданбалы қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ашылғанын көріп қалдым. Бұрыннан өзімнің діттеген сырғамды ала алмай жүретінмін. Жеңіл әрі ыңғайлы болса деп ем. Құлағымдағы сырға маған өте ұнап қалып, қолжетімді бағаға сатып алдым. Мұндай көрме жиі ұйымдастырылып тұрса деймін.  

Жәрмеңке облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен С. Мұқанов атындағы кітапхана маңында кеңінен жайылды. Көрмеге зергерлік заттар, тоқыма бұйымдар, суреттермен қатар қолдан пісірілген сабын да қойылған. Мұның бәрін өңірдің он саусағынан өнер тамған шеберлері жасаған.

  Ольга Веркулеева:
Менің құрбым маған сабынды қалай жасау керектігін біліп берші деп өтінген болатын. Басында қызығып өзім жасап көруді ұйғардым. Бірден икеміме келді. Кейін екі түрлі иіс пен әр түрлі түске бояп көрдім. Мұның бәрін өз ойымнан істедім. Бұл сабындарға кез-келген есімді жазуға да болады. Бір иіс сабынды дайындау үшін бір сағат уақыт жеткілікті. Осы күні бұл кәсіп менің хоббиіме айналды.  

Қолданбалы қолөнер шеберлері мұндай жәрмеңкені өткізуді дәстүрге айналдырамыз деп отыр.

Гүлбану Ахметова