Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров атындағы зауыт өнім өндіру көлемін ұлғайтуда

 

 

Құрман Көшімбаевтың Киров атындағы зауытта еңбек етіп жатқанына отыз жылға жуықтапты.

Осы уақытта кәсіпорында көптеген өзгерістер орын алды дейді дәнекерлеуші. Өндіріс ошағында қондырғыларды жаңартуға үлкен көңіл бөлінеді. Биыл ғана зауытта бірнеше қазіргі заманғы жаңа қондырғы сатып алынған. Ал бұл өз кезегінде кәсіпорын еңбеккерлерінің ауыр жұмысын біршама жеңілдетіп отыр.

Құрман Көшімбаев, дәнекерлеуші:
Зауытта қазір өте жақсы. Жаңа станоктар алып жатырмыз. Лазерлік станок, жартылай автоматтандырылған қондырғылар бар.

Жалпы биыл зауытта жаңа қондырғылар сатып алуға 200 млн. теңгеден артық қаражат жұмсалмақшы. Осылайша өндірісті модернизациялау бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Тапсырыстар жеткілікті, оларды уақытында және сапалы орындау қажет. Бүгінгі күні 5,8 млрд. теңгенің келісімі жасалып қойыпты. Оның 1,5 млрд-ы қорғаныс министрлігіне тиесілі екен. Сөйтіп, биыл зауытта өндіріс көлемін өткен жылғы нәтижеден асыруды жоспарлап отыр.

Юрий Кренида, “Киров атындағы зауыт” АҚ бас директорының орынбасары:
– Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өскенін айтуымыз керек.
Жалпы зауытта жыл сайын өсім 30-35 пайызды құрайды. 2012 жылы өндіріс көлемін 6,5 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, 2,5 млрд. теңгенің өнімін шығардық.

Зауытта жаңа өндірісті игеруге үлкен көңіл бөлінеді. Биыл Калуга телеграф зауытымен бірлесіп, тың жобаны қолға алу көзделіп отыр.

Юрий Кренида, “Киров атындағы зауыт” АҚ бас директорының орынбасары:
-Төтенше жағдайлар министрлігі үшін хабарландыру жүйесі өндірісі бойынша жұмыс бастауды көздеп отырмыз.
Биыл өткен министрліктің алқа отырысында жоба мақұлданды. Бүгінде тиісті құжаттар, жобалар әзірленіп жатыр. Жыл аяғынан қондырғыларды әзірлеуді қолға аламыз.

Сонымен биылға межеленген жұмыс ауқымды. Ал жоспарды мерзімінде орындауға зауыт ұжымы дайын. Бүгінде кәсіпорында 680 адам еңбек етеді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды зауыт басшылығы ұмыт қалдырмайтын көрінеді. Биыл кәсіпорын жатақханасынан 19 отбасыға орын бөлінген.

Марина Мыкало, монтаждаушы:
Еңбегіміз бағаланады. Жалақымыз жаман емес. Жас отбасы ретінде биыл бізге жатақханадан бөлме берілді. Назарсыз қалмағанымыз қуантады.

Жыл аяғына дейін тағы 20 отбасы баспаналы болмақ.

 

 

Айымгүл Әбілева