Ауыр атлет қыз Майя Манеза Лондондағы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына үшінші алтынды сыйлады. Спортшыны жеңісімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев та қазақстандық спортшыға өз лебізін білдіріп, уәде етілген үш алтын алқаның ел қоржынына түскенін атап өтті. Майя Манезаның жеңісін барлық қазақстандықтар үлкен қуанышпен қарсы алды.
Қайрат Тұрлыханов, ҚР ауыр атлетика федерациясының президенті:
– Құрметті жерлестер, бүгін біз үшін үлкен мейрам болып отыр. Бұл күн біздің еліміз үшін ең бір бақытты күндердің бірі деп санаймын. Жерлестерімізді тағы бір рет құттықтап қойғым келеді. Елбасымыз бүгінде спортқа көп көңіл бөледі. Көңіл бөлінгеннен кейін әр спортшы міндетті түрде осындай жақсы нәтиже көрсетуі керек.
Ауыр атлетика бойынша Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ни де өзінің қамқорлығындағы спортшылар Чиншанло мен Манезаның жетістіктеріне көңілі толғанын жеткізді. Және олардың Олимпиадаға тек жеңіске жету үшін ғана келгендерін айтып отыр.
Алексей Ни, ауыр атлетика бойынша ҚР құрамасының бас жаттықтырушысы:
-Жасалған жұмысқа көңілім толды. Біздің жеңісіміз үлкен қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр. Олимпиадада жай ғана көрсеткіш болмайды. Өте қуаныштымын.
Майя бұл жарыста осыдан жарты жыл бұрын әлемдік додада ресейлік спортшы Светлана Царукаевада кеткен есесін қайтара алды. Алдымен отандасымыз жұлқып көтеруде 146 кг-ға тапсырыс берген болатын. Алайда ресейлік спортшының 130 кг-дық шатанганы көтерудегі 3 рет болған сәтсіз талпынысынан кейін, Манезаның тапсырыс берген салмағы 135-ке төмендетілді. Бұл салмақты Майя бірінші әрекетінде-ақ көтеріп алды. Олимпиада чемпионы өз кезегінде барлық қазақстандық жанкүйерлерге алғысын білдірді.
Майя Манеза, Олимпиада чемпионы:
– Алғысымды федерация Президентіне және барлығыңызға білдіргім келеді. Бүгін бір жақсы кездесу өтті.
Тамаша жеңісі үшін «Complete Service» туристік компаниясының президенті Әбілхан Сәрсенов баспасөз конференциясында Майя Манезаға әлемнің кез-келген жеріне баруға екі жолдама сыйлайтындығын айтты.
Әспет Әбдірешова