Білім

Талапкерлер мемлекеттік грантты күтуде

 

 

 

 Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің қабылдау комиссиясы өз жұмысын шілденің 23-нен бастады. Сол күннен түлектер тиісті құжаттарын жинап, білім беру гранттарын алу үшін өтініш жазуға кіріскен. Тегін білім алуға ниетті үміткерлер ҰБТ-ден кем дегенде 50 ұпай жиюы шарт. Ал маусымның 20-сы мен шілденің 1 аралығында шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлердің құжаттары қабылданды.

Жангелді Сейтзадин,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
– Біздің ЖОО-да журналистика, дизайн, музыкалық білім, дене шынықтыру және спорт, бастапқы әскери дайындық бойынша шығармашылық емтиханды тапсырады. 1 шілдеге дейін құжат қабылдау болды. 7-шілдеге дейін арнайы шығармашылық емтихандар тапсыру кезеңі болды.

Үміткер өтініште Қазақстанның кез -келген ЖОО-нын нұсқап, қалаған оқу ордасына түсе алады. Мұндай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі Салтанат Ромазанова. Бойжеткен Алматы энергетика және байланыс университетінде білім алуды көздеп отыр

Салтанат Ромазанова:

-Ақпараттық технологиялар мамандығын таңдаған себебім – «Қазақтелекомда» жұмыс істегім келеді. Грант иегері атануға үлкен үміт артып отырмын.

Шілденің 31-і сағат 17.00-де грантқа үмітті жастардың құжаттарын қабылдау аяқталды. Әзірге М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясына 1300-ге жуық үміткер құжаттарын тапсырыпты. Грант иелерінің есімдері тамыздың 10-нынан кейін ғана белгілі болмақ.

 
Айдана Демесінова