Көлік және жолдар

Республикалық маңыздағы жолдар жөнделіп жатыр

2015 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының көлік стратегиясына сәйкес, “Астана-Петропавл” автомобиль жолының 3 учаскесінде қалпына келтіру жұмыстары басталды. Барлығы 81 шақырым жолды жаңарту үшін ел қазынасынан өңірге 19,2 млрд теңге қарастырылыпты. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 2 млрд теңге бағытталып, 12,7 шақырым тас жол жөнделуі тиіс. Алғашқы 6 айдың ішінде, оның 600 млн теңгесі игерілген. Нәтижесінде 20 шақырым айналма жол және 4,5 км тасжол тегістелген.
Маңызды жөндеу жұмыстары Айыртау ауданында атқарылуда. “Көкшетау-Рузаевка” тас жолының бойындағы көпірді қалпына келтіру жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

Қайырбай Сәдуақасов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің бөлім бастығы:

 

– Айыртау ауданындағы көпірді жөндеу жұмыстары соңына таяп келеді. Негізгі жұмыстар 2011 жылы басталған болатын. Көпір қыркүйекте толығымен пайдалануға беріледі. Қазір онда асфальт төсеу, жол белгілерін қою жұмыстары қалды.

Осылайша  бүгінгі таңда көпірде жоспарланған жұмыстардың 75 пайызы орындалған. Сонымен қатар үстіміздегі жылы «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 63 шақырымын жөндеу межеленген болатын. Қазірде жоспардың 85 пайызы орындалыпты.

Қайырбай Сәдуақасов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің бөлім бастығы:

– Қызылжар ауданындағы бөлігінде – 45, Есіл ауданында 8 шақырым жолға асфальт төселді. Бүгінде Ғ.Мүсірепов ауданында жолдың 9 км-і қалпына келтірілуде. Бұл жұмыстарды қыркүйектің ортасында тәмамдаймыз.

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында республикалық автомобиль жолдарының ұзындығы 1468 шақырымды құрайды. Республикалық маңыздағы жолдарды күтіп-баптауға және жөндеу жұмыстарына 2012 жылы 3,4 млрд теңге бағытталған. Алғашқы жартыжылдықта күрделі және орташа жөндеуден өзге, 40 мың шаршы метр жолдың шұңқырлары жөнделіп, 218 жол белгілері қойылыпты. Сонымен қатар жол жиегіне 1500 метр металл қоршау орнатылды.

Әсел Күшенғалиева