Қоғам

“Жасыл ел” жасағының бірінші тобы жұмысын аяқтады



 

“Жасыл ел” жобасы студенттердің еңбек етіп, ақша табуына зор мүмкіндік берді. Әрі ашық аспан астында, таза ауада жұмыс істеген демалыспен тең дейді жастар. М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті Қуаныш Сайлауов сессиясын жаба салысымен «Жасыл ел» штабына келеді екен. Осымен жазғы  науқанға 3-ші рет қатысып отыр.  Ал М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың бірінші курс студенті Талғат Гумиров «Жасыл елге» бірінші рет қатысуда. Келгеніне еш өкінбейді. Бір ай еңбек етіп, өзің тер төгіп тапқан нәпақаңды қадірлеп жұмсайсың дейді.

Талғат Гумиров:

Мұнда менің ағам Асхат екінші маусым істеуде. Ағам шақырған соң келдім. Өзімдей жастармен бірге жұмыс жасаған өте қызықты. Жалақымды ата-анама беремін.

Жасыл елдік қыз-жігіттердің көмегін орманшылар да бағалап отыр. “Куйбышевское” орман шаруашылығының аумағы 11 мың 300 га жерді құрайды. Мұнда 9 орманшы қызмет етеді. 19 жасылелдік келісімен жұмыс азайыпты.

Марат Шабанов, “Куйбышевское” орман шаруашылығының орманшысы:

Жігіттер ұзындығы 30 шақырым аумақта бұтақтарды жинады. Қыздар орман ішін қураған бұтақтардан тазартты. Жастар өте ұқыпты әрі тиянақты. Жұмысымыз жеңілдеді. Орманшылар қазір тек кезекшілік атқарады.

Жалпы жаз басталысымен облыста 170 студент “Жасыл ел” жасағына қатысуы керек екен. Жоспар бойынша 1-ші маусым аяқталды. Енді, ертеңнен бастап 85 адамнан құралған жаңа топ еңбекке кіріседі. Жастар 1 ай бойы 8 сағаттан жұмыс істейді. Оларға 43 400 теңге жалақы тағайындалады. Одан әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын есептегенде, қолға 35 мың теңге шамасында ақша түседі. Алдағы уақытта “Жасыл ел” жасағының құрамын 750 адамға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Данаш Хамзина