Спорт

Петропавлда Александр Винокуровтың құрметіне автошеру және концерт өтті

 

Лондон олимпиадасында елімізге алғашқы алтын алқаны сыйлаған Александр Винокуровтың жеңісін спортшының туған жері Бескөлде үлкен қуанышпен тойлады. Жеңіске үн қосқан Александрдың туған-туыстары, дос-жарандары мен жерлестері алаңға жиылды. Велошеруге қатысушыларды Қызылжар ауданының әкімі Виктор Редин құттықтады.


– Бескөл ауылының тумасы Винокуров осы жерде велоспортпен айналыса бастаған.Оның өмір жолы әрбір адамға, әсіресе, өсіп келе жатқан жастарға үлгі.

Велошеруге кіші-жасы аралас 60 велошабандоз қатысты. Олимпиада чемпионының құрметіне өткізілген веложарыста спортшылар Бескөлден облыс орталығына дейін жүріп өтті. Велошабандоздардың мәреге жетуін қызылжарлықтар күтіп алды. Осыдан 12 жыл бұрын Сиднейде өткен олимпиадада күміс жүлдені иеленген Александр Винокуров Лондондағы жазғы олимпиада ойындарында 250 шақырымды 5 сағат 45 минут 57 секундта бағындырып, өзінің алғашқы алтын жүлдесін иеленді. Оның жеңісі әрбір солтүстікқазақстандықтың жүрегіне қуаныш ұялатып, мақтаныш сезімі керней түскені анық.

Жерлесіміз міне бүгін қуантып жатыр. Өте қуаныштымыз. Қайырлы болсын бәрімізге
Біздің Қазақстанға алтын медальды Винокуров алып отыр. Осында отырған барлық балалар Винокуров сияқты спортты жақсы көріп, Қазақстанның туын көкке желбіртсе, қуанышты боламыз бәріміз де.

Ел мәртебесін асқақтатқан жеңіспен СҚО әкімінің орынбасары Александр Чжен құттықтады. Алып анадан туады демекші, Александрдың осындай биікке көтерілуіне ата-анасы Николай мен Раисаның да қосқан үлесі аз емес. Олар да олимпиада басталғалы дамыл көрген емес. Жатса-тұрса баласына ақ жол тілеп, жеңістен үміт күткен.

 Николай Винокуров, Александр Винокуровтың әкесі:
– Александрды қолдап, оған сенім білдірген адамдардың бәріне алғысымыз шексіз.
Барлық Қазақстан жұрты ұлыма ақ жол тіледі. Александр жетістікке өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында жетті. Велоспортқа 28 жылын арнаған бұл спортшының лайықты жеңісі деп ойлаймын.

Ал олимпиада жеңімпазының телемост арқылы тікелей байланысқа шығуы жиналған қауым үшін күтпеген тосын сый болды. Жеңістен алған әсері әрі қуанышымен бөліскен спортшы жиналған қауымға өзінің ыстық сәлемін жолдады.

Александр Винокуров, Олимпиада чемпионы:
Мен алтын жүлдеге ие болдым, арманым орындалды, алған әсерім өте керемет. Отбасыма, ата-анама, маған әрдайым қолдау білдірген достарыма алғысым шексіз. Мен өзімді жеңіп, велоспортқа қайта келуге күш таптым. 38 жасқа келсем де жеңіске жетуге болатынына көзім жетті.

Жиынның жалғасы ретінде қаланың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Салтанатты шараның соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Әспет Әбдірешова