Білім

Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжі дуалды оқыту жүйесін қолға алды

 

 

Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің тарихы ертеден бастау алады. Ең алдымен бұл жерде 1885 жылы ауыл шаруашылығы мектебі бой көтеріп, 1923 жылы техникум болып қайта құрылыпты. Содан бері талай түлекке қанат бітірді. 1997 жылы колледж аталып, 2001 жылы Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатовтың есімі берілді.  Бүгінде мұнда жастар 9 мамандық бойынша оқытылады.

Бейімбет Бұғасов, Ж. Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры:

– Қазіргі уақытта елімізде Елбасының тікелей қатысуымен ауыл шаруашылығына, әсіресе, мал шаруашылығының өркендеуіне көп мән беріліп отыр. Бізде мал дәрігері, техник-механик, агроном мамандықтары оқытылады. Негізінен тек қана ауыл шаруашылығына аса қажет кәсіптер.

Есіл ауыл шаруашылығы колледжін жыл сайын шамамен 200-ге жуық студент тәмамдайды. Мұнда санға емес, сапаға баса мән беріледі дейді директордың орынбасары Владимир Ткаченко. Материалдық-техникалық база үнемі жаңартылып тұрады. Болашақ маманның мол білім алуына бар жағдай жасалған. Дуалды оқыту жүйесі де қолға алынуда. Оқытушылар ұжымы теория мен тәжірибені сәтті ұштастырудың орайын тапқан.

Владимир Ткаченко, Ж. Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжі директорының орынбасары: – Біздің студенттер өңірдегі ірі-ірі шаруашылықтарда тәжірибеден өтеді. Дуалды білім беру жүйесі еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды дайындауға мүмкіншілік береді. Кей жағдайда жұмыс берушілер бізге оларға қандай маман иесі қажет екенін айтып отырады. Бұл дайындықтың сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, колледж қарамағында жайлы жатақхана, асхана мен шеберханалар бар. Оқу корпусында жөндеу жүргізілуде. 2 соттық жерге түрлі көкөніс, 40 гектарға картоп егіледі. Алынған өнім асханаға тапсырылады.
Ал  коллеждің шежіресі мұражайда сақтаулы. Мұнда тарих куәгерлері – көне жәдігерлерге кең орын берілген. Мұражайда алғашқы болып агрономия бөлімі ашылғаны туралы жазылған, ең бірінші салынған оқу корпусының макеті тұр, сондай-ақ, 100 жыл бұрын оқытылған мұқабасы мұқалса да, осы күнге дейін сақталып қалған көне кітаптар көрсетіліпті. Колледж ұжымы өздерінің түлектерін де ерекше мақтан тұтады.

Динара Ахметова, колледж мұражайының меңгерушісі:

-Біздің техникумның түлектері: Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов, 14 жыл бойы Үкімет басқарған Бәйкен Әшімов,  Пралмент депутаттары Михаил Трошихин, Тасбай Симамбаев.

Оқу орнында Түмен ауыл шаруашылығы академиясының бөлімшесі жұмыс істейді. Студенттерді ресейліктер қашықтықтан оқытады. Сондай-ақ, колледж директоры Бейімбет Бұғасов болашақтағы жоспар жайлы айтты. Алдағы уақытта мұнда Есіл аграрлық институты ашылмақ.

Бейімбет Бұғасов, Ж. Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры:

– Колледж негізінде жоғары білім беретін ауыл шаруашылық-техникалық институтын ашу жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Лицензия алу бойынша біраз іс атқарылды. Келешекте агроном, инженер-механик және мал дәрігері бойынша жоғары білім беріледі.

Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжі келер жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Данаш Хамзина