Құқық қорғау органдары

Заңсыз жолмен әкелінген көліктер



 

 Еліміз Кеден одағына мүше болғалы алыс шетелден көлік тасымалдау тиімсіз болып қалды. Өйткені оның кедендік рәсімдеу құны қымбат. Ал осы одаққа мүше елдерден әкелінетін көліктерге тыйым жоқ. Тек көліктің кедендік бағасынан қосымша құн салығы төленсе болғаны. Қазір Петропавлда осы елден әкелінетін көліктер күн санап көбейіп барады. Алайда жаңашылдықты арам пиғылын жүзеге асыру үшін пайдаланатын әккілер де шығуда.

Ренат Сахатов, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті контрабандаға қарсы күрес басқармасының бас маманы:

-Әртүрлі жағдайлар болып жатады. Автокөліктер нақты 3-ші елден әкелінеді және жалған құжаттармен есепке тұрғызылып жатады. Бұл адал сатып алушы үшін қолайсыздық тудырып жатады.

Ал тағы бір темір тұлпар иелері қосымша құн салығымен ғана шектеліп, кедендік алым мен баж салығын айналып өткен. Олар тек автокөлік бағасының 12 пайыз қосымша құн салығын ғана өтеген. Көліктер бірнеше рет иелерін ауыстырып, сатылған. Сондықтан машина сатып алар алдында жан-жақты тексерістен өткізген дұрыс дейді мамандар.

Әсемгүл Исина, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті контрабандаға қарсы күрес басқармасының бас маманы:

-Біріншіден, автоинспекцияда есепте тұрғаны жөнінде білу қажет. Екіншіден, сенімділік үшін сатып алушыдан декларацияның көшірмесін сұрауға болады. Және көлікті сатып алу кезінде шот-анықтама беріледі, шот-анықтама арқылы көлікті тексеруге болады. Сонымен қатар сізге көлікті күмәнды бағамен ұсынған болса, ойланған дұрыс.  

Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында солтүстікқазақстандық кеденшілер контрабандалық жолмен әкелінген 12 көлікті тәркілеген. Кедендік ресімдеуді айналып өтіп, алыс шетелден қымбат көлік кіргізудің амалын тапқан пысықайлар мелекетімізге 66 млн теңгеге жуық шығын әкелген. Тәркіленген көліктер уақытша сақтау қоймасына жеткізілді.

Әсел  Күшенғалиева