Ауыл шаруашылығы

Алматы облысымен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы меморандум жасалды

Екі облыс арасында әріптестік қатынастың орнағанына талай жыл болыпты.

Бұл да заңды. Өйткені Алматы облысында егіс алқаптарының көлемі ауқымды емес. Және бидайдың кілегейлігі де төмен. Ал біздің өңірімізде, керісінше, көкөністер мен күнбағыс майына сұраныс зор.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Жыл сайын Алматы облысымен кездесіп, көп жұмыстар істелініп жатыр. СҚО-нан 100 мың тонна астық Алматы облысына жеткізіледі. Келешекте де бірлесе жұмыс атқарамыз деген сенімдемін.

Өзара серіктестіктің екі жақ үшін де тиімді боларына Алматы облысы делегациясының өкілдері де сенімді.

Тынышбай Досымбеков, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
Біздің облысымыздағы шаруашылық басшылары сіздердегі ауыл шаруашылығы саласындағы азаматтарды жақсы біледі.  Меморандумға қол қойсақ, олар әдеттегідей қоян-қолтық жұмыс істейді деген сенімдемін. СҚО қай салада болмасын дамыған өңір деп білеміз.

Сондай-ақ жиында ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақты ету және негізсіз қымбаттауына жол бермеу мәселесі де талқыланды. Бұл іс «Жетісу» және «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларына  жүктелді.

Бахыт Атайбеков, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»  төрағасы:
Біз СҚО-нан сапалы бидай алуды көздеп отырмыз. Өз кезегімізде келісімшарт жасап, қажетті төлем жасауға дайынбыз. Дегенмен ірі шаруашылықтармен жұмыс істегенді жөн көріп отырмыз. Бұл бидайды бір жерден тиеп, жөнелтуге қолайлы болмақ.

Кездесу соңында Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Инеш Шоқақова