Көлік және жолдар

Қала аулалары мен көшелері жөнделіп жатыр

 

 

 

Бөкетов көшесіндегі 49-шы үйдің пәтер иелері өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысқан екен. Оның арқасында үйдің шатыры күрделі жөндеуден өткізілді. Бұдан соң тұрғындар арнайы байқауға қатысып, аула ішіндегі тас жолы қалпына келтірілетін 14 үйдің қатарына еніпті. 40 жылдай жөндеу көрмеген ауланы «Коммунстройсервис» ЖШС жөнге келтіруде.

Андрей Айдаков, «Коммунстройсервис» ЖШС директоры:
Мына аулада 3 күн бұрын жұмыс істей бастадық. Бүгін аяқтамақпыз. Барлық жұмысты техникалық үрдіске сай жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін Абай көшесіндегі 40-шы және Некрасов көшесіндегі 44-ші үйдің аулаларына тас жол төседік.

Биыл облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыруға 50 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Оның 11-де жұмыс аяқталған. Тұрғындар жолдардың қалпына келтіріліп, ауланың жаңа кейіпке ие болғаны қуантады деп отыр.

Мен осы үйде іргетасы қаланған уақыттан тұрамын. Соңғы 10-15 жылда ауладағы жолдардың жағдайы мүлдем нашарлап кеткен еді. Жөндеу жұмыстарының жүргізілгені қуантады.
Енді осы жол бізге ұзақ уақыт қызмет етеді деген ойдамын. Тас жолдың салынуын өзіміз де қадағаладық.

Үй аулалары ғана емес, қалаішілік жолдар да назардан тыс қалмаған. Бостандық көшесінің бойында «СУ-808» мекемесінің қызметкерлері осыдан 3 күн бұрын орташа жөндеу жұмыстарына кіріскен. Нысанға   20 шақты  техника күші жұмылдырылыпты. Бір апта ішінде Астана және Гоголь көшесіне дейінгі аралыққа тас жол төселмек. Көшелерді орташа жөндеу жұмыстарына 364 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілмек.

Мирас Сабағанов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы:
– Биыл жолдардың шұңқырларын тегістеуге 44 млн теңге бөлініп отыр.
Тозығы жеткен бір де бір көше назардан тыс қалмайды. Барлығы 12,2 мың шаршы метр аумақ қамтылмақ. Сондай-ақ кейбір көшелерге ұсақ тас себіледі.

Және де Бензострой, Зайсан, Солнечный, Борки сияқты шеткері аудандардың жолдары грейдерленбек. Қазіргі таңда бұл жұмыс Заречный, Былғары зауыты, Ойқала және Жұмысшы кенттерінде аяқталған.

Инеш Шоқақова