9 қабатты үйдің құрылысы 2011 жылдың қыркүйек айында басталған. Бүгінге дейін жұмыстың ауқымды бөлігі аяқталды. Құрылысшылар 9-қабаттың кірпішін қалауға кірісіпті.
Татьяна Луконина, «Петрострой люкс» ЖШС учаске шебері:
-Үйді уақытында тапсыруға бар күшімізді салып отырмыз. Ауласы абаттандырылады, пәтерлердің қабырғалары сапалы сылақпен әрленеді. Құрылыс барысы талапқа сай орындалып жатыр.
Бұл үйдегі 1 бөлмелі пәтердің құны шамамен 3 600 000 теңгеден айналады. Ал 3 бөлмелі пәтердің бағасы 6 876 000 теңгені құрамақ. Бұл баспананың ерекшелігі – пәтерлердің ауданы осыған дейін іргесі қаланған өзге үйлердікінен кішірек болмақ.
Алтай Жуанышпаев, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ құрылыс жөніндегі маманы:
-1 бөлмелі пәтердің аумағы 32 шаршы метрден 44 шаршы метрге дейін, 2 бөлмелі пәтер 52-ден 64 шаршы метрге дейін, ал 3 бөлмелі пәтердің ауданы 73 шаршы метрден аспайды.
Қазіргі таңда баспаналардың иелері анықталуда. Олардың тізіміне пәтер құнының жарты сомасын жиған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары ғана енбек. 126 пәтерлі үйді қараша айында тапсыру көзделіп отыр. Құрылыс сапасын пәтер иелері және арнайы құрылған комиссиялар тексеретін болады.
Балахмет Мөлдинов, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:
– Жасап бітіргеннен кейін жұмыс комиссиясы қабылдайды. Сосын мемлекеттік комиссия қабылдайды. Істелінбеген жұмыстар болса, соларды істеткізеді дұрыстап. Кейін әкімдік тех паспорт жасайды. Содан соң біз тізім жібереміз.
Жалпы 2011-2014 жылдарға арналған “Қолжетімді баспана” бағдарламасы аясында ел қазынасынан өңірімізге 1 млрд 600 млн теңге бөлініпті. Бұл қаражат 3 үйдің құрылысына бағытталды.
Айдана Демесінова